Қостанай облысындағы табиғи өрттен елді мекендерге қауіп жоқ – ТЖМ
Қазір қалдық от ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр
Төтенше жағдайлар министрлігі Қостанай облысындағы дала өртіне қатысты бүгінгі 08.00-дегі соңғы мәліметті жариялады.
Елді мекендерге қауіп жоқ. Жалындап жанып жатқан учаскелер жоқ, қалдық от ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әрбір елді мекенде (Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы және Калинино ауылдары ауданында) қарауылдау ұйымдастырылды. Жеңіл жауынның арқасында ауа ылғалдығы күшейді. Сағат 7:30-дан бастап өрт аумағына ұшу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, барлығы 91 тұрғын үй зардап шеккен. Оның 85-і – Аманқарағай ауылында және 6-ауы – Озерный ауылында.
Өртті сөндіруге құрамында 224 техника, 6 әуе кемесі, 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамның 2 193 адамы бар ТЖМ, ІІМ, ҰҰ, Қорғаныс минстрлігі, ЖАО және облыстың коммуналдық қызметтерінің күштері мен құралдары жұмылдырылды.
11 адам (халықтың 6 адамы, оның ішінде бір кәмелетке толмаған адам, орман шаруашылығының 1 қызметкері, әкімдіктің 1 қызметкері, ТЖМ 3 қызметкері) жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақат, күйік, улану алды, 1935 жылы туған бір адам қаза тапты.
Суағар құрылғылары үшін тікұшақтармен су алу табиғи су қоймасынан 25 км қашықтықта жүргізіледі, өрт сөндіру басталған сәттен бастап 137 су ағызу жүргізілді.
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша 5 қыркұйекте Қостанай облысы Әулиекөл ауданының аумағында жоғары температура 31 градусқа дейін сақталады, желдің жылдамдығы 7 м/с дейін жетеді.
ТЖМ жедел желісіне ақпараттық сипаттағы 37 қоңырау келіп түсті. Әулиекөл ауданының эвакопунктінде жеті психолог шұғыл психологиялық көмек көрсетеді. Консультативтік көмек 57 адамға көрсетілді және топтық жұмыс форматымен 45 бала қамтылды.
Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысының хаттамасына және Қостанай облысы әкімінің жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайды жариялау туралы шешіміне қол қойылды. Өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.