×

Еленовка ауылы Самалтау болып өзгерді

Қазақша атауды қолдағандар басым болып, хаттама толтырылды

 Дастан Жұмабекұлы 06.09.2022 | 10:11
фото: ашық дереккөз

Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Еленовка ауылының атауы Самалтау болып өзгертілді. Бұл туралы ақындар Алмас Темірбай мен Мерген Тоқсанбай хабарлады.

Олардың айтуынша, ауылдың атауын мемлекеттік тілге ауыстыруға келгенде өзге ұлт өкілдері қарсылық танытқан. Десек те, Самалтау атауын қолдағандар басым болып, хаттама толтырылды.

«Бүгін Еленовка ауылының атын ауыстыруға арналған жиналыс болды. Бұл жердің тарихи атауы – Самалтау!», –  деді ол.

Оның айтуынша, жиналыста халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Ермек Нұғыманов ұлттық мүдде, ономастика мәселелері жөнінде сөз сөйлей бастағанда өзге ұлт өкілдері шулап, қарсылық білдірген.

«Бұл жолы Көкшетаудан Нұрислам Әбділ, Манарбек Қыдырбайұлы, Бахтияр Исмағұлов, Абылайхан Әшімхан, Оралбек Нұрыш, Думан Самат барып, айтысып-тартысып, Алмас ағам күні-түні ізденіп архив пен ескі кітаптардан, газет-журналдардан тапқан деректерін алға тартып, ақыры дауысқа салып, ауыл атын қазақшалаймыз дегендер басым түсті. Біздің жігіттер сол жиналыстың хаттамасын жазып, орысшаға аударып, қол қойып, мөр басып бір-ақ кеттік.

Ал, ағайын, Самалтау қайырлы, құтты болсын! Қазақ еліне + 1 қазақша ауыл!», –  деді ол.

Ақын Алмас Темірбай да ауыл атауының өзгеруіне байланысты жазба қалдырды.

Өзге ұлты көп, қазағы аз «Еленовка» ауылының тарихи атауы қайтарылып, «Самалтау» деп өзгертілетін болды. «Еленовка» деген Көкшетаудан 30 км жердегі, Айыртау ауданына, Қостанай облысына баратын жолдағы ауыл еді...

«Самалтау» – ауыл іргесіндегі Жуантөбенің сол жағындағы, Шалқар көлінің оң жағындағы жатаған тау, ата-бабаларымыздың қонысы... «Самалтау» – атақты Үкілі Ыбырайдың шәкірті, ақын-әнші Сұраған Асайыновтың жүрегінен шыққан өлең. Самалтауды жергілікті орыс-казактар «Куликины горы» деп орысшалап алған бір кездері...

ҚР Президенті әкімшілігінің 2021 жылғы 20 тамыздағы ономастикалық жұмыстарды жүргізу туралы өткен жиналыстың хаттамалық тапсырысының 2.2 тармағын орындау мақсатында «Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді-мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022 – 2025 жылдарға арналған жол картасын іске асыру жөнінде соңғы қорытынды жиыны, ел тұрғындарының дауыс беру жиыны өтті. Құдайға шүкір, нәтижесіз емес, барлығы заң бойынша жасалды. Өз басым үш жарым жылда осы ауылға он шақты рет барып, өзге ойлы жұртшылықпен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Ешкіні «апа», текені «жезде» деуге де тура келген кездер де болды. Бұрынғы басқа әкімдердей жалтақтамай, осы істі басқарған ауыл әкімі Тайлақ Жұмағалиевке ризамыз.

Осы жиында өзге ұлттың у-шуына, неше түрлі провокациясына шыдаған, жақсы жол таба білген сабырлы, ұйымшыл бауырларым Мерген Тоқсанбай, Нұрислам Әбділұлы, Руслан Қуанышов, Думан Саматұлы, Манарбек Кыдырбайұлы, Оралбек Нұрыш, Абылайхан Әшімханұлы, Бақтияр Исмағұлов секілді жігіттер жүз жасасын! Нұрислам бауырыма ерекше риза болдым!

Өз ру-аталарына бұра тартқан қазақтардың дауысының өзі екіге бөліне жаздап, Құдай сақтады. Менің екінші рет сөйлеуіме тура келіп, халықты ауызбіршілікке шақырып, ашына қатты айтқан сөздеріме тоқтаған ауыл ақсақалдарына да рахмет!

Бәрі заңды болсыншы деп, жиналыстан соң қалып, екі тілдегі хаттамасын толтырып, қол қойып, кештетіп бір-ақ қайттық. «Самалтауларыңыз» құтты болсын, Қазақ елі!», –  деп жазды ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама