«Монархияны құлатуға шақырған»: Британияның жаңа премьері Лиз Трасс туралы
Консервативтік партияның жаңа көшбасшысы ән айтқанды және круассан пісіргенді ұнатады
Ұлыбританияның сыртқы істер министрі болған Лиз Трасс Консервативтік партия мүшелерінің 81 мың дауысын жинап жаңа премьер-министр болып сайланды. Оның бәсекелесі болған бұрынғы қаржы министрі Риши Сунак 60 мыңнан астам дауыс жинады.
Осылайша Лис Трасс биліктегі Консервативтік партияның көшбасшысына айналды.
Саясаткер бұл қызметтегі Маргарет Тэтчер (1979-1990 жылдар) мен Тереза Мэйден (2016-2019) кейінгі үшінші әйел.
Мэри Элизабет (Лиз) Трасс 1975 жылы 26 шілдеде Англияның Оксфорд қаласында дүниеге келген. Анасы медбике, әкесі математика профессоры.
Трасс Солтүстік Англиядағы Лидс қаласында орналасқан орта білім беру мектебінде оқыды. Бұл аймақ саясаттағы солшыл лейбористердің өңірі саналады. Трасстың саяси көзқарасының қалыптасуына оның туып-өскен жері де әсер етті.
Трастың ата-анасы да солшыл идеологияны ұстанды. Ядролық қарусыздану науқанының белсендісі болған оның анасы Присцилла Мэри Трасс қызын премьер-министр Маргарет Тэтчерге қарсы митингтерге жиі апаратын.
Жаңа премьерді халық бұрыннан «темір ханым» аталған Маргарет Тэтчерге ұқсатады. Мысалы, ол 2021 жылы Эстониядағы полигонда танк айдап өткен. Тэтчер де 1986 жылы Германияға сапары кезінде осылай істеген еді.
Студент кезінде Трасс университеттің Либералдық-демократиялық партиясының бөлімшесін басқарып, радикалды солшыл болған. 1994 жылы партия жиналысында ол монархияны құлатуға шақырды. Осы сөзі үшін саясаткерді әлі де сынаушылар көп.
Трасс 1996 жылы университетті бітіріп, бірден Консервативтік партияға қосылды. Бұл оның бұрынғы саяси көзқарастарына қайшы болды.
Бастапқыда жеке секторда, атап айтқанда Shell мұнай-газ компаниясында коммерциялық директоры, содан кейін Cable & Wireless телекоммуникация компаниясында экономика директоры болып жұмыс істеді;
2008 жылы «Реформа» талдау орталығы директорының орынбасары болып тағайындалды;
2010 жылы екі рет сәтсіздіктен кейін оңтүстік-батыс Норфолктан парламентке сайланды.
2012 жылдың қыркүйегінде Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон оны Білім министрінің парламенттік көмекшісі қызметіне тағайындады;
2014 жылдың шілдесінен бастап Трасс Қоршаған орта, азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарды;
2016 жылдың шілдесінде Трасс Тереза Мэйдің бірінші кабинетінде (2016-2017) лорд-канцлер және әділет жөніндегі мемлекеттік хатшы болып тағайындалды;
2017 жылдың маусымынан бастап Тереза Мэйдің екінші үкіметінде қазынашылықтың бас хатшысы болды;
2019 жылғы 24 шілдеде Трасс Борис Джонсон үкіметінде Сыртқы сауда министрі және Ұлыбритания Сауда кеңесінің төрағасы болып тағайындалды;
2019 жылдың 10 қыркүйегінде ол әйелдер және теңдік істері министрі болып тағайындалды;
2021 жылдың 15 қыркүйегінде Трасс Ұлыбританияның Сыртқы істер және халықаралық даму жөніндегі Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды;
Саясаткер жаңа қызметінде экономиканы қалпына келтіру үшін «тез арада іске кірісуге» уәде берді. Ол «бірінші күннен бастап салықты қысқартуға» кірісетінін айтты.
Саясаткер тұрмысқа шыққан, екі қызы бар.
Трасстың хоббиінің бірі – нан пісіру. Ол әсіресе круассандарды пісіргенді ұнатады.
Трасс өзінің үгіт-насихат жұмыстарының бірінде егер ол саясатқа бармаған болса, тамақ сыншысы болуы мүмкін екенін, немесе аспаздық туралы кітап жазуы мүмкін екенін айтқан екен.
Саясаткер ірімшікті ерекше жақсы көреді. Бірнеше жыл бұрын партия съезінде сөйлеген сөзінде ол Ұлыбританияның ірімшіктің үштен екісін басқа елдерден импорттайтынын ашуланып, мұны ұят деп атады.
Жаңа премьер сонымен қатар 1980 жылдардағы музыканы ұнатады. Караокені жақсы көреді. Оның сүйікті әндерінің бірі – Уитни Хьюстонның Who Loves Me әні.