Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚАЖК мекемесіне қолы кесілген күйде жеткізілген – комитет
Ұлттық музейдің директоры мамырда қамауға алынды
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы бүгін өзіне қол жұмсады деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Айта кетейік, Мұхамедиұлының 2022 жылдың мамырында өзіне қол салғаны туралы ақпарат тарады.
Комитет баспасөз қызметінің хабарлауынша, мамырда Арыстанбек Мұхамедиұлы уақытша ұстау изоляторынан ҚАЖК мекемесіне қолы кесілген күйде жеткізілген.
2022 жылдың 29 мамырында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс министр Арыстанбек Мұхамедиұлының қамауға алынғанын мәлімдеді.
«ҚР Ұлттық музейінің лауазымды тұлғаларына және басқа да тұлғаларға қатысты «Алтын адамның әлем музейлері шеруі» халықаралық көрмесін өткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт аясында 146 миллион теңге бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.
Агенттік хабарлауынша, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылды.
22 шілдеде Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша тергеу соты басталды. Қалалық соттың баспасөз қызметінің ақпаратынша, сот отырысы онлайн режимде өтіп жатыр. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің «Сотқа дейінгі тергеу мәліметтерін жария етуге жол бермеу» бабы бойынша БАҚ өкілдері үшін шектеу енгізілген. Яғни журналистер сотқа қатыса алмайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 26 тамыздм Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген шығын сомасы 7 млрд теңгені құрайтынын мәлімдеді.