Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысындағы жағдай бір қалыпқа келген соң, Ахмет Байтұрсынұлының рухына тағзым етіп, қасиетті Торғай өңіріне баратынын атап өтті.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Әулиекөлде еріктілермен кездесуде айтты.
Кездесуде ол Ахмет Байтұрсынұлының кейінге шегерілген мерейтойына қатысты сұраққа жауап берді.
Расында, бұл – үлкен шаруа. Зардап шеккен азаматтардың бәрі үш айдың ішінде баспаналы болады деп уәдемді бердім. Оған күмәнім жоқ. Ол – бір. Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына қатысты. Ең алдымен, осы мәселені шешейік. Содан кейін амандық болса, осы бір қасиетті жерге келіп, Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың рухына тағзым етіп, тойды өткіземіз, – деді Тоқаев.
Ұлт ұстазы, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіледі.