Сапар аясында мемлекет басшылары арасында екіжақты келіссөздер жоспарланып отыр
Қыркүйекте Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен биыл 14 қыркүйекте Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары жоспарланып отыр. Сапар аясында мемлекет басшылары арасында екіжақты келіссөздер өтеді деп күтіледі, – деді Смадияров.
Сондай-ақ ынтымақтастықтың түрлі салаларында екіжақты құжаттарға қол қойылатыны белгілі болды.
Сапар мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге, Қазақстан мен Қытай арасында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
«Бұл сапар коронавирус пандемиясы басталғаннан бері Қытай басшысы Си Цзиньпиннің алғашқы шетелдік сапары болатынын атап өткен жөн», – деді СІМ ресми өкілі.