Облысқа 400-ге жуық әскери қызметші мен 32 бірлік әскери техника барды
Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы орман өрті өршіп тұр. Оны ІІМ қызметкерлері мен өрт сөндірушілер сөндіріп жатыр. Бүгін оларға Қарулы күштер де көмекке келді. Сондай-ақ өрт сөндіру жұмыстарына Ұлттық ұланның әскери қызметшілері де тартылған.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Алапат өртті сөндіру үшін Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақановтың шешімімен «Орталық» өңірлік қолбасшылығының Қостанай қаласындағы 6697, Көкшетау қаласының 5510 әскери бөлімдері жұмылдырылды.
Қостанай облысындағы ірі табиғи өртті жоюға Ұлттық ұланның 400-ге жуық әскери қызметшісі мен 32 бірлік әскери техникасы тартылды.
Өрт болып жатқан ауданға 6697 әскери бөлімнен 150-ге жуық, ал 5510 әскери бөлімнен 250-ден аса әскери қызметші және 18 бірлік техника бөлінді.
Орманның жануы 2 қыркүйекте Қазанбасы ауылынан 20 шақырым жерде, «Басаман О» КММ аумағында шамамен сағат 15.10-да басталды.