Қарулы күштер Қостанай облысындағы өртті сөндіруге жұмылдырылды

Дастан Жұмабекұлы

Әулиекөл ауданына 45 арнайы техника мен 203 әскерилер келді

фото: gov.kz

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың нұсқауы бойынша Қарулы күштердің құрамалары мен бөлімдерінің бөлімшелері Қостанай облысындағы өрті сөндіруге тартылды.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Өрт болған жерге бірінші болып елордадан әскери-көлік авиациясымен 120-дан астам десантшы, сондай-ақ халықты эвакуациялауға көмек көрсететін жергілікті аумақтық қорғаныс бригадасының тұрақты құрамының 45 әскери қызметшісі келді.

Өртті сөндіруге көптеген мамандар мен әскери техника тартылды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынан 31 бірлік арнайы техника мен 38 әскери қызметші жіберілді. Қостанай облысына «Астана» өңірлік қолбасшылығынан шамамен 10 арнайы техника жөнелтілді.

Бұдан басқа Әскери-әуе күштерінен арнайы аспадағы өрт сөндіру жүйелері бар 4 көліктік-жауынгерлік тікұшақты жұмылдырды.