×

«Ахаңа ұқсатып отырмыз»: журналист сүйінші жаңалық айтты (ВИДЕО)

Бұған дейін Баку құрылтайының видеосына түскен адам ұлт ұстазының фотосымен сәйкеспейді

 Дастан Жұмабекұлы 05.09.2022 | 10:50
фото: facebook.com

Белгілі журналист Абылай Мауданов ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына қатысты тың деректі жариялады. Ол тамыз айында Әзербайжан Республикасының астанасы Баку қаласына барған сапарында Алаш арысына ұқсас адамның 1926 жылы Бүкілодақтық түркологтар құрылтайында бейнежазбаға түскенін айтып, сүйінші сұрады.

Құрметті достар! Сүйінші сұрар жаңалығым бар!

Биылғы Әзербайжан астанасына барған сапарымызда 1926 жылы Бүкілодақтық түркологтар құрылтайының бейнежазбасын алуға келіскен едік. Тарихи бейнетаспа тамыз айының аяғына таман қолыма тиді, –  деді ол.

Одан әрі ол алыстан түсірілген видеода президиумда Ахмет Байтұрсынұлына ұқсас адамның болғанын, осыны Ахметтанушы ғалымдардың өздері растап отырғанын жеткізді.

Gullu Yologlu ханым Сізге мың алғыс!

Мұның ішінде алыстан түсірілген 1.28 секунд видеоны Ахаңа ұқсатып отырмыз. Ахметтануға зор еңбек сіңіріп жүрген Орынай Жұбай, Елдос Тоқтарбай сынды ғалымдар «отырған орны, киген киімі, келбеті бәрі-бәрі Ахаңа келеді» деп сеніммен айтып отыр. Күман болмас үшін тиісті орындарға құрылтайда түскен фотосымен қоса жіберіп, сурет пен бейнедегі кісінің ұқсастығын анықтап беруді сұраған едік. Олардан «толық зерттеу үшін көп уақыт керек. Түпнұсқа видеоның сапасы өте нашар. Әйтсе де, образно ұқсайды» деген жауап келді. Осы салада тәжірибесі бар-ау деген жандардың бәрінен осыған ұқсас жауап алдық.

Ахаңдай алыптың бір сәттік видеосының өзі неге тұрады. Торғайдағы тойда сүйіншілеп, қалың елді көзайым қылмақ арманымыз бар еді. Әттең төтенше жағдай килігіп, ол жоспар орындалмады. Бүгінгі туған күнінде фб-парақшама салып отырмын, –  деді журналист.

Осы жерде ол бұған дейін Баку құрылтайының видеосынан Ахаңа ұқсайтын бір кісінің бейнесі болғанын ескертті. Оның айтуынша, ол Ахаңның 1925-1926 жылдардағы түскен фотосымен сәйкеспейді.

Еті қашып, қартайған кезіне ұқсайды, иегі де тым қушиып қалған. Ахаң 1926 жылы 54 жаста, етжеңді кезі екенін естеріңізге сала кеткен артық болмас, –  деді ол сөзінің соңында.

Түпнұсқа видеоның сапасы өте нашар болғандықтан бейнежазбаға түскен адамның Ахмет Байтұрсынұлына қатыстылығы алдағы уақытта анықтала жатар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама