Өрттен зардап шеккен тұрғындар тегін байланыспен және интернетпен қамтамасыз етілді
Байланыс операторы қызметтерін бір ай тегін ұсынады
Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы бірнеше ауылдың Beeline клиенті болып табылатын тұрғындары өз мобильді операторының қызметтерін ай бойы тегін қолдана алады. Бұл туралы байланыс операторының баспасөз қызметі хабарлады.
Төтенше жағдайға байланысты, компанияның зардап шеккен ауылдардағы әр клиентінің теңгеріміне Қазақстандағы барлық нөмірге хабарласуға арналған 100 минут пен 100 SMS, сондай-ақ 30 күндік 10 ГБ интернет-трафик аударылды. Бұл туралы барлық абонентке SMS арқылы хабарланды.
Өрттен зардап шеккен отандастарымыз үшін, қиын жағдайда жалғыз емес екенін және оларға қолдан келетін көмек көрсетуге бүкіл ел ұмтылып жатқанын түсіну аса маңызды. Осындай қиын-қыстау күндерде байланыста болу аса маңызды, сондықтан Аманқарағай, Озерное, Калинино, Лесное және Новонежинка ауылдарындағы клиенттерімізге қызметтерімізді бір ай тегін ұсынамыз. Одан бөлек, қызметкерлеріміз – «Жылы жүрек» корпоративті бағдарламасының еріктілері зардап шеккендерге барлық өңірден гуманитарлық көмек және қаражат жинауды ұйымдастыруда, – дейді Beeline Қазақстанның Бас атқарушы директоры Евгений Настрадин.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге 91 үй салынатыны туралы жазған едік. Сонымен бірге Халық банк өрттен зардап шеккен отбасыларға 1 млн теңге ақшалай көмек беріп, несиелерін кешіретіні туралы хабарладық.