Halyq Uni логотип
×

Қостанайдағы өрт кезінде 10 адам жарақат алған, 4 адам ауруханада жатыр

Қазір 4 адам дәрігерлердің қарауында ауруханада жатыр

 Халық үні 04.09.2022 | 20:30
Қостанайдағы өрт кезінде 10 адам жарақат алған,  4 адам ауруханада жатыр
ашық дереккөзден

Өрт кезінде жарақат алған 10 адамның төртеуі ауруханада жатыр. Бұл туралы Қостанай облысындағы өртке байланысты ұйымдастырылған жедел брифингі барысында Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.

Өкінішке қарай, 1935 жылы туған бір адам қайтыс болды. Сонымен қатар 10 адам жарақат алған болатын. Атап айтқанда, қазір 4 адам дәрігерлердің қарауында ауруханада жатыр. Ал тағы 6 адам дәрігерлердің тексеруінен кейін өз үйлеріне жіберілді, - деді Талғат Уәли.

Министрліктің ресми өкілі өрт жағдайы бақылауда екенін айтты. Оның айтуынша, ашық жалын мен сөндіру мүмкін болмай жатқан өрт ошақтары жоқ.

Брифингте Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өрт себеперін анықтау бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, тисті органдар өрт қасақана адам қолынан болды деген нұсқаны да қарастырады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің мәліметі бойынша, Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы өрт 43 мың гектардан астам аумақты шарпыған. Аманқарағай ауылында 98 үй өртеніп кетті. 10 адамды орташа деңгейде күйік шалған және уланған. Сондай-ақ, Аманқарағай ауылында бір адамның мәйіті табылды.

Айта кетейік, бұған дейін өрттен зардап шеккен қостанайлықтарға көмек көрсетуге арналған бірыңғай қоғамдық қор құрылғанын хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама