Балаларды «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жіберу ұсынылды
Қостанай облысында жедел штабта зардап шеккен елді мекендердің балаларына қолдау көрсететін мамандар жұмыс істейді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, өңірге Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев пен Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев аттанды.
Сонымен бірге мектептерде эвакуациялық орталықтар ұйымдастырылып, балалар жылы киіммен, ыстық тамақпен қамтамасыз етілгені белгілі болды.
Жағдай тұрақталғанша облыста 3 мыңнан астам оқушы қашықтан білім алады. Бұл үшін штаб қызметкерлері білім басқармасының өкілдерімен бірге барлық тиісті жағдайды жасайды. Көмекке мұқтаж балалар мектепте, олар қауіпсіз жерде, денсаулықтарына да ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, - деді Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев.
Эвакуацияланған балаларға қолдау көрсету үшін Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға балаларын білім алуына және тұруына жағдай жасалған «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жіберуді ұсынды. Бұл тәжірибе бұрын болған төтенше жағдайлар кезінде қолданылған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Халық банк өрттен зардап шеккен отбасыларға 1 млн теңге ақшалай көмек беретіні туралы жазған болатынбыз.