Halyq Uni логотип
×

Қостанайда қару-жарақ дүкенінде болған өрт салдарынан екі адам қаза тапты

Өрттің жалпы ауданы 2500 шаршы метрді құрады

 Динара Амантай 04.09.2022 | 09:09
Қостанайда қару-жарақ дүкенінде болған өрт салдарынан екі адам қаза тапты
Коллаж: Halyq Uni

Қостанай қаласында 3 қыркүйек күні сағат 11:20-да Назарбаев даңғылындағы «Оружейная палата» дүкенінде өрт шығып, үйінділердің астынан екі ер адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, өрт 8 жеке тұрғын үйге таралып, оның ішінде екі қабатты үш коттедж бен сарай өртенді, сондай-ақ 6 автокөлікке зақым келді. Өрттің жалпы ауданы 2500 шаршы метрді құрады.

Оқ-дәрілердің жарылуына байланысты қару-жарақ дүкенінің жертөлесіне кіру қиынға соқты. Зардап шеккендердің болуын тексеру үшін жеке құрам броньды кеудешелермен және қалқандармен жарақталды.

Сонымен бірге болған өртті сөндіру барысында 50% дене күйігін алған дүкен директоры ауыр халде қалалық ауруханаға жатқызылғаны белгілі болды. Сондай-ақ үйінділердің астынан екі ер адамның денесі табылды, олардың жеке басы анықталып жатыр.

Өрт 14:29-да ауыздықталып, 18:42-де жойылды. Өртті сөндіруге ТЖД жеке құрамының 48 адамы мен 16 бірлік техникасы, ЖАО жеке құрамының 6 адамы мен 5 бірлік техникасы, Жедел-құтқару жасағы жеке құрамының 9 адамы мен 2 бірлік техникасы, ҚТЖ жеке құрамының 4 адамы мен 1 бірлік техникасы, ІІМ жеке құрамының 12 адамы мен 6 бірлік техникасы, сондай-ақ 103 қызметінің 6 адамы және 3 бірлік техникасы қатысты, – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қостанай облысында табиғи өртке байланысты төтенше жағдай режимі енгізілуі мүмкін екендігі туралы жаздық.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама