×

Тоқаев пен Путиннің кездесуінде 11 құжатқа қол қойылды

Білім беру, теміржол, цифрландыру, ғарышты игеру және атом энергетикасы салалары бойынша меморандум жасалды

 Халық үні 10.02.2022 | 20:12
Фото: akorda.kz

Мәскеуге жұмыс сапарымен барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізді.

Тоқаев Мәскеуге сапармен келуге шақырғаны Ресей басшысына алғыс білдіріп, Қаңтар оқиғасына қатысты ойын айтты. 

«Бұл - елімізде болған қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейінгі алғашқы сапарым. Бұл еліміздің конституциялық құрылысына нұқсан келтіріп, мемлекеттік төңкеріс жасау мақсатымен Қазақстанға шабуыл жасаған халықаралық лаңкестер мен бұзақылардың мұқият дайындаған операциясы болды. Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы нәтижелері де бар. Өкінішке қарай, құрбан болғандардың саны өте көп. Бұл менің де жаныма батады. Қаза болғандардың жақындары мен туыстарына көңіл айттым. Әрбір жағдай жіті тексеріледі. Кінәлілер анықталып, жауапқа тартылады. Елімізге бітімгерлік күштерін жіберу жөніндегі Қазақстанның үндеуіне жылы әрі іскерлікпен қарағаныңыз үшін сізге тағы да ризашылығымды білдіремін. Бітімгерлік контингент стратегиялық нысандарды күзету тұрғысынан өте маңызды рөл атқарды», - деді Тоқаев.

Владимир Путин қаңтардағы қаңтардағы қайғылы оқиғаларға қатысты өзінің пікірін білдірді.

«Қазақстанды ел ішіндегі күрделі жағдайды пайдаланған қандай-да бір халықаралық бүлікшілердің құрбаны болды десек, артық айтқандық емес. Ресей Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттің бірі ретінде шарттың 4-бабына сәйкес Қазақстанға көмек қолын созды. Дегенмен, Қазақстан басшылығы негізгі рөл атқарды, сондай-ақ өздерінің ісіне, антына және халқына адал құқық қорғау органдары мен қарулы күштер өздеріне жүктелген міндетті орындады. Осы оқиғалар кезінде қираған нысандарды қалпына келтіру үшін көп күш жұмсау қажет екенін де білемін. Бірақ Қазақстан сіздің табандылығыңыздың арқасында нық тұр және Сіздің басшылығыңызбен белсенді дамуда», – деді Ресей президенті.

Келіссөз қорытындысы бойынша білім беру, теміржол, цифрландыру, ғарышты игеру және атом энергетикасы салалары бойынша мамандар даярлауға қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды.

Қол қойылған құжаттар тізімі:

  • ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен РФ Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігі арасындағы цифрландыру саласындағы тәжірибе алмасу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.
  • ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Роскосмос» ғарыш қызметі мемлекеттік корпорациясы арасындағы Жерді қашықтан зондтау ғарыш аппараттарының деректерімен алмасу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.
  • ҚР Энергетика министрлігі мен «Росатом» атом энергиясы мемлекеттік корпорациясы (Ресей Федерациясы) арасындағы Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы қадрларды даярлау жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.
  • ҚР Білім және ғылым министрлігі мен РФ Ғылым және жоғары білім министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
  • «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және «Трансмашхолдинг» АҚ арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісім.
  • «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы (ҚР) мен «Н.Э.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті» федералдық мемлекеттік автономды жоғары оқу орны арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
  • «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы (ҚР) мен «МИСиС» Ұлттық технологиялық зерттеу университеті» федералдық мемлекеттік автономды жоғары білім беру мекемесі (Ресей Федерациясы) арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
  • «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы (ҚР) мен «МИФИ» ұлттық ядролық зерттеу  университеті» федералдық мемлекеттік автономды жоғары білім беру мекемесі арасындағы өзара түсіністік туралы мемарандум.
  • «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы (ҚР) мен «Мәскеу физико-техникалық иниституты» федералдық мемлекеттік автономды жоғары білім беру мекемесі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
  •  «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы (ҚР) мен «И.М.Губкин атындағы Ресей Мемлекеттік мұнай және газ университеті (Ұлттық зерттеу университеті)» федералдық мемлекеттік автономды жоғары білім беру мекемесі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
  • «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы (ҚР) мен «Нақты механика мен оптика институты» ұлттық зерттеу университеті»  федералдық мемлекеттік автономды жоғары білім беру мекемесі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама