Қаланың атмосфералық ауасында күкіртсутегі көрсеткіші бірнеше есеге асып кеткен
31 тамыздан 1 қыркүйекке қараған түні Атырау қаласында жағымсыз иіс тарады. Осыған байланысты Атырау облысы бойынша экология департаменті «Казгидромет» РМК Атырау филиалы ұсынған ауа сапасын бақылау станцияларының мәліметтеріне талдау жүргізді.
Департамент талдау нәтижесін жариялады. 31 тамыздан 1 қыркүйекке қараған түні қаланың атмосфералық ауасында күкіртсутегі көрсеткіші бірнеше есеге асып кеткені анықталған. Департамент мұны гигиеналық нормативтер бұзылған деп бағалап отыр.
«Аталған уақытта қаланың атмосфералық ауасында Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің «Қалалық және ауылдық елді мекендердегі, өнеркәсіптік ұйымдар аумақтарындағы атмосфералық ауаның гигиеналық нормативтері» құжатындағы рұқсат етілген шекті шоғырланудан күкіртсутегі көрсеткішінің бірнеше есе асу дерегі анықталған. Атап айтқанда, №109 «Восток» станциясында 5,3 есе, №103 «Шағала» станциясында 5 есе, №112 «Акимат» станциясында 3,2 есе, №114 «Загородная» станциясында 3,9 есе және №108 «ТКА» станциясында 9,23 есе асып кеткен», - деп хабарлайды экология департаменті.
Атырауда жағымсыз иіс жайлағанына бірнеше күн болды. Тұрғындар бас ауруына, әлсіздікке, жүрек айнуына шағымданып отыр.
Бұған дейін Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметов те бұл жағымсыз иістің мұнай өнімдерінің иісі екенін айтты.