Мария Бровкова ескек есуден тұңғыш әлем чемпионы атанды
Қазақстанның әйелдер командасының қоржынына алғашқы алтын медаль түсті
Венгрияда өтіп жатқан байдарка мен каноэ ескек есуден жастар арасындағы әлем чемпионатында Мария Бровкова чемпион атанды, деп хабарлайды Қайық федерациясы.
Мария Бровкова 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында сынға түскен.
Ол 1000 метрге каноэ есуден финалда бақ сынап, 4:35.69 уақыт көрсеткішінде мәреге бірінші болып келді. Бұл – Марияның мансабындағы алғашқы алтын жүлде.
Сондай-ақ ескек есуден Қазақстан әйелдер командасының қоржынына түскен алғашқы алтын медаль. Күміс жүлдені Венгрия, қола медальді Португалия спортшылары иеленген.