Halyq Uni логотип
×

Қапшағай су қоймасында үш қызды құтқарған ер адам марапатталды

Көмекке сол маңда шеңбермен жүзіп жүрген қыз шақырған.

 Халық үні 03.09.2022 | 06:31
Қапшағай су қоймасында үш қызды құтқарған ер адам марапатталды

Қапшағай су қоймасында үш қызды құтқарған Александр Ананиев ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды.

А.Ананиевке награда Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің және өрт сөндіру қызметінің жеке құрамы сап түзеген салтанатты шара барысында табысталды.

Биылғы 17 шілдеде Александр балаларымен және немерелерімен бірге демалыс аймағына келген. Жағадан алысырақ жүзіп жүрген ол кенет қыз баланың айқайлаған дауысын естіген. Дереу көмекке ұмтылған. Жүзіп жеткен сәтте 17-18 жастағы үш қыз суға батып бара жатқанын байқаған. Александр су түбіне кетіп бара жатқан қыздардың бірінің соңынан сүңгуге тырысқанда, үрейі қашқан екеуі оған жармасып, онысына мұрша бермеген.

Екі қыз үшін аман қалудың соңғы мүмкіндігі екенімді түсініп тұрдым. Олар шошынғаннан мені ұстап алып, жібермеді. Ал миым компьютер іспетті, үшінші қыз күрескенін қойып, тұңғиыққа кетіп бара жатқанын тіркеп тұрды. Осы кезде құтқаруға бес секунд қана уақытым қалғанын түсіндім. Одан әрі суға кеткен қызды таба алмас едім, - дейді бүгінгі күннің батыры.

Керемет күш-жігердің арқасында ол өзіне ілінген екі қызды суға батырмай, басымен сүңгіп, үшінші қыздың қолын ұстап үлгерген. Ол ес-түссіз күйде болған. Солайша үшеуін де құтқарып қалды.

Ер адамның айтуынша, үш қыздың ешбірі айқайламаған. Оқиға үнсіздікте өткен. Көмекке сол маңда шеңбермен жүзіп жүрген қыз шақырған. «Егер ол адамдардың назарын аудармағанда, үшеуі де батып кетер еді»  дейді Александр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама