Сот үкімімен Нұрлан Таубаев 10 жылға, Тимур Басаров 5 жылға бас бостандығынан айырылды
Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаровқа қатысты сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары болған Нұрлан Таубаев ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 366-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылған болатын.
Оған мемлекеттік қызметті атқаратын лауазымды адамның қорқытып алу жолымен, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен аса ірі мөлшерде пара алуға оқталуы деген айып тағылған.
Ал, облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаров ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабының 5-бөлігімен, 24-бабының 3-бөлігімен, 366-бабының 4-бөлігімен (аталған іс-әрекеттерге көмектесу) кінәлі деп танылған.
Сот үкімімен Нұрлан Таубаев 10 жылға, Тимур Басаров 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Апелляциядағы іс сотталушы Нұрлан Таубаевтың адвокаттарының апелляциялық шағымдары және прокурордың апелляциялық өтініші бойынша қаралды. Адвокаттар үкімнің күшін жоюды, сотталушыны ақтауды сұраған. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкімді өзгерту немесе күшін жою және апелляциялық шағымдар мен прокурордың апелляциялық өтінішхатының дәлелдерін қанағаттандыру үшін негіз жоқ деген қорытындыға келді. Сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың Таубаев пен Басаровқа қатысты үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағымдар мен прокурордың апелляциялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылды, -деп хабарлады Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.