Павлодар мұнай-химия зауытының бас директоры 2 айға қамауға алынды
ҚМА ЖШС бас директорына қатысты соталды тергеу жүріп жатқанын растады
Қаржы мониторингі агенттігі Павлодар мұнай-химия зауытының бас директоры Оспанбек Әлсейітовтің ұсталғаны туралы ақпаратты растады.
«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас директоры Әлсейітовке және басқа да тұлғаларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша ПМХЗ-ның дизель отынын өндіру процесін құрамдастыру жөніндегі функцияларын аутсорсингке заңсыз иеліктен шығару дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
Ведомство мәліметінше, зауыттың бас директоры Әлсейітовке қатысты Павлодар қаласының мамандандырылған тергеу соты 2 ай мерзімге «қамау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.
Қазір ЖШС басшысына қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге мәлімет Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.