×

Білім басқармасы «баламның басын унитазға тықты» деген шымкенттік әкенің шағымын жоққа шығарды

Ер адамның сұрауы бойынша балабақшадағы бейнебақылау камералары тексерілген

Фото: ашық дереккөз

Әлеуметтік желіде Шымкенттегі балабақшалардың бірінде тәрбиешінің баланың басын унитазға батырғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы баланың ата-анасы хабарлаған. Жазбада оқиғаның №42 «Толағай» бөбекжай бақшасында болғаны көрсетілген.

Шымкент қаласы білім басқармасының хабарлауынша, 2022 жылдың 31 тамызында ер адам тәрбиеші 4 жастағы баласының басын унитазға батырғанын айтқан. Содан кейін басқарма өкілдері ақпаратты тексеру бойынша жұмыс жүргізген.

Бөбекжай бақшада  2012 жылдан бері тәрбиеші қызметін атқарып келе жатқан қызметкерден бұл жағдайдың мән-жайы сұрастырылды. Тәрбиеші балаға күш көрсетпегенін, дөрекі сөйлемегенін айтты, - деп хабарлады білім басқармасы.

Сондай-ақ баланың әкесі балабақшада орнатылған бейнебақылау камераларын тексеруді сұраған.

Балабақша меңгерушісінің қатысуымен 27 тамыздағы бейнебақылау жазбасы толық тексерілді. Ол жағдайға қатысты бейнежазба бойынша ешқандай дәлел табылмады, - деп хабарлады басқарма.

Сондай-ақ балабақшада ата-аналар жиналысы өткізілген. Басқа ата-аналардың тәрбиешіге қатысты арыз-шағымы жоқ.

Айта кетейік, №42 «Толағай» бөбекжай бақшасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны 10 жылдан бері жұмыс істейді. Балабақша 300 балаға арналған. Ал тәрбиешінің жалпы еңбек өтілі – 21 жыл.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама