Білім басқармасы «баламның басын унитазға тықты» деген шымкенттік әкенің шағымын жоққа шығарды
Ер адамның сұрауы бойынша балабақшадағы бейнебақылау камералары тексерілген
Әлеуметтік желіде Шымкенттегі балабақшалардың бірінде тәрбиешінің баланың басын унитазға батырғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы баланың ата-анасы хабарлаған. Жазбада оқиғаның №42 «Толағай» бөбекжай бақшасында болғаны көрсетілген.
Шымкент қаласы білім басқармасының хабарлауынша, 2022 жылдың 31 тамызында ер адам тәрбиеші 4 жастағы баласының басын унитазға батырғанын айтқан. Содан кейін басқарма өкілдері ақпаратты тексеру бойынша жұмыс жүргізген.
Бөбекжай бақшада 2012 жылдан бері тәрбиеші қызметін атқарып келе жатқан қызметкерден бұл жағдайдың мән-жайы сұрастырылды. Тәрбиеші балаға күш көрсетпегенін, дөрекі сөйлемегенін айтты, - деп хабарлады білім басқармасы.
Сондай-ақ баланың әкесі балабақшада орнатылған бейнебақылау камераларын тексеруді сұраған.
Балабақша меңгерушісінің қатысуымен 27 тамыздағы бейнебақылау жазбасы толық тексерілді. Ол жағдайға қатысты бейнежазба бойынша ешқандай дәлел табылмады, - деп хабарлады басқарма.
Сондай-ақ балабақшада ата-аналар жиналысы өткізілген. Басқа ата-аналардың тәрбиешіге қатысты арыз-шағымы жоқ.
Айта кетейік, №42 «Толағай» бөбекжай бақшасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны 10 жылдан бері жұмыс істейді. Балабақша 300 балаға арналған. Ал тәрбиешінің жалпы еңбек өтілі – 21 жыл.