Қазақ боксшысы қарсыласын нокаутқа жіберетінін айтты
WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы Бүкіләлемдік бокс ұйымының рейтингісінде үшінші орында тұрған бразилиялық Эскива Фалькаомен жекпе-жек өткізуге келісті.
Бразилиялық боксшы Фалькао әлеуметтік желіде Әлімханұлымен жекпе-жек өткізгісі келетінін айтты.
Мен саған қарағанда таланттымын. Сен белдігімнен айырылып қаламын деп қорқып отырсың, – деп жазды ол.
Оған Жәнібек Әлімханұлы көп кешікпей жауап беріп, кездесу өткізуге келісімін берді.
Неге мүгедек болуға асығып отырсың? Менің сені нокаутқа жіберетінімді білесің. Менімен жұдырықтасқаннан кейін белбеу тақпай, мүгедектер арбасына отыратын боласың, – деп жауап берді Жәнібек Әлімханұлы.
Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы атағы жоқ боксшылардың қызықтырмайтынын айтқан болатын.