Павлодар облысына Түркіменстаннан тағы алты отбасы көшіп келді

Дастан Жұмабекұлы

Олар 1 жыл бойы ай сайын баспана жалдауға субсидия алады

фото: ашық дереккөз

Павлодар облысына Түркіменстаннан екінші лекпен алты отбасы – 37 адам көшіп келді.

Облыс орталығындағы «Достық» үйінде  өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірігіп, Ертіс өңіріне қоныс аударғысы келген Түркіменстан азаматтарымен кездесу болды.

Көшіп келушілерге өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, қоныс аударушылар үшін өңірлік квотаға енгізу шарттары мен процесі, «қандас» мәртебесін алу туралы ақпарат берілді. Сонымен бірге оларға құжаттарды жинауда көмек беріледі.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жыл соңына дейін өңірге Түркіменстаннан 400-ден астам этникалық қазақ қоныс аударады делінуде.
Жуырда Павлодар облысына Түркіменстан елінен 46 адам бар 11 отбасы көшіп келген. Қоныс аударған отбасылардың әр мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде ақшалай көмек беріледі. Бұл сома 200 мың теңгеден асады.

Сондай-ақ қоныстанған жерлеріне қарай 1 жыл бойы ай сайын баспана жалдауға субсидия алады.

Егер олар қалалық жерде орналасса, 61 мыңнан 91 мың теңгеге дейін, ауылдық жерде 45 мыңнан 64 мың теңгеге дейін алады. Нақты сома отбасындағы адам санына байланысты. Сондай-ақ 1 жылдық соманы бір жолда алып, сол баспананы сатып алуға жұмсауға болады.