Жолдауда қоғам мен бизнестің мүддесі ескерілді – Исламбек Салжанов

Халық үні

Кәсіпкер жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындарға жұмыс беретін бизнестің маңызына да тоқталды

Фото: Akorda.kz

«Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарға жасаған жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Кәсіпкер жолдауда қоғам мен бизнестің мүддесі ескерілгенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының бүгінгі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын шын мәнінде тарихи деп санауға болады. Бұл құжат Қасым-Жомарт Кемелұлының халықтың әл-ауқатын арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған реформаларды табанды түрде жүргізуге бел байлағанын анық байқатты.

Ел дамуының бағдары мен басымдықтарына қарап, қоғам мен бизнестің мүддесі ескерілгенін көріп отырмыз», - деп жазды Исламбек Салжанов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сондай-ақ кәсіпкер ретінде шағын және орта бизнеске арналған несиелер көлемін арттырудың маңызды екенін жазды. Айтуынша, кәсіпкерлерге жеке кәсіп көзін ашу үшін арзан несие алу – мұң, екінші жағынан, олардың көбісі кеңсе жағалап, тонналап қағаз жинауға мәжбүр.

«Бизнес саласында 30 жылдан бері жүрген кәсіпкер ретінде шағын және орта бизнеске арналған несие көлемін арттыруды құптаймын. Жаңадан жұмыс орындарын ашатын, елді лайықты жалақымен қамтамасыз ететін бизнес болмаса дамыған мемлекет құрылмайды. Күшті орта тап – тұрақты және табысты мемлекеттің тірегі. Сондықтан бұл салада түбегейлі өзгерістердің уақыты жетті», - дейді кәсіпкер.

Исламбек Салжанов мемлекет басшысының бұл жолдауы барынша әлеуметтік сипатқа ие екеніне де назар аударды.

Айтылған ұсыныстар нақты, ал бюджет шығыстарының айтарлықтай бөлігі адам капиталының сапасын арттыруға бағытталған. Бұл – мектептердегі білім сапасын арттыру, ауылдардағы медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту, жастар саясатын күшейту. Айрықша атап өтерлік жайт – бала күтіміне байланысты төлемақы мерзімінің бір жарым жылға дейін ұзартылуы және әйелдердің зейнеткерлік жасын кезең-кезеңмен арттыруға нүкте қойылғаны, - деп жазды Исламбек Салжанов.

Айта кетейік, бүгін мемлекет басшысы жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың шотына аударуды ұсынды. Президент сонда ғана қор шын мәнінде ұлттық мәртебеге ие болады және халық мүддесі үшін қызмет ететінін айтты.

Кәсіпкер Исламбек Салжанов президенттің бұл бастамасы көпшілікті қуантқанын жазды.

«Ескіден жеткен есті сөз «Нағыз басшы халықтың болашағы үшін жасаған ісімен танылады» дейді. Президенттің Ұлттық қордың балаларымызға қызмет ету қажеттігі туралы, сондай-ақ білім беруге арналған гранттар бағдарламасын кеңейту туралы ұсыныстарын естігенде бәріміз қуанған болармыз. Енді көп нәрсе Ұлттық қорды басқару сапасына байланысты. Егер Қордың табысы жоғары болса, болашақ ұрпақтың, атап айтқанда, әлі кәмелетке толмаған 7 миллиондай қазақстандықтың келешегін қамтамасыз етеміз деген сөз», - деп толықтырды кәсіпкер.

Исламбек Салжанов президенттің ірі компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігі жайлы айтқанына да тоқталды.

Бизнес қауымдастықтың осы саладағы күш-жігері, қоғамдағы жанашырлық пен өзара көмек көрсету мәдениетін нығайтуға қосқан үлесі – балаларымыздың болашағы үшін алаңдамауға негіз, - дейді Салжанов.

Сондай-ақ кезектен тыс президент және парламент сайлауын өткізу уақытын жариялауды демократияның негізі деп бағалады.

«Мемлекет басшысының кезектен тыс президенттік және парламенттік сайлауын өткізу туралы шешімі қоғамда қызу талқылау туғызды. Сайлау мерзімін ашық жариялау – дамыған демократияның негізі. Енді үміткерлер де, саяси партиялар да сайлауалды науқандарын жоспарлауға кірісіп, нағыз бәсекелестік жағдайында өздерінің халық қолдауына қаншалықты ие екенін дәлелдей алады. Ал мен Қасым-Жомарт Кемелұлының Президент өкілеттігін бір мерзіммен шектеу туралы бастамасы – оның демократиялық институттарды нығайту жолында жасаған тағы бір батыл қадамы деп білемін», - дейді Исламбек Салжанов.

Айтуынша, биыл маусымда өткен референдум президенттің ғана емес, барша азаматтардың әділетті Қазақстан құруға ниетті екенін көрсетті. Бәріміз бірге мемлекет басшысының бастамаларын қолдау арқылы жетістікке жетеміз, деп түйіндеді Исламбек Салжанов.