«Тиімді жоба емес, дегенмен...». LRT ақыры мемлекет қаржысына салынатын болды

Еркеғали Болатұлы

Құрылысы екі жылда аяқталады

фото: ашық дереккөз

Елорда әкімдігі LRT-ны бюджет қаржысына салуға шешім қабылдады. Себебі бірде-бір инвестор бұл жобаға өз ақшасын салуға келіспеген.

Қала басшысы Алтай Көлгінов те жеңіл рельсті қоғамдық көлік жүйесінің құрылысы бюджет есебінен аяқталатынын растап отыр.

20 миллиард теңге көлеміндегі алғашқы транш бөлінген болатын. Бұдан бөлек, бізге тағы 577 миллион доллар керек. Құрылысты сол бұрынғы мердігер – қытай консорциумы аяқтайды. Біз алысқа кетіп қалдық, кері қайта алмаймыз. Сол себепті құрылысты аяқтаймыз, - деді ол Мәжіліс кулуарында.

Осы орайда журналистер LRT-ға жыл сайын қанша қаражат қажет болатынын сұрады.

Алдын ала есепке сәйкес, жыл сайын қызмет көрсетуге 4 миллиард теңге керек болады. Жол жүру ақысына да субсидия бөлінеді. Ал бағасы автобус ақысынан сәл жоғары. Бұл тиімді жоба емес, дегенмен жол трафигін төмендетуге мүмкіндік береді, - деді Алтай Көлгінов.

Ал мердігер компания қаржы тұрақты түрде түсіп тұрса, LRT құрылысы екі жылда аяқталатынын айтты.