×

«Қиындықтар шашетектен». Қостанайлық әскери қызметкер қой бағып кетті

Қой санын 20 мыңға жеткізіп, елімізде теңдесі жоқ селекциялық орталыққа айналдырмақ

 Еркеғали Болатұлы 01.09.2022 | 11:30
фото: ашық дереккөз

Алмат Жарасбаев самбо, қоян-қолтық ұрыс түрлерінен спорт шебері. Арнайы әскери бөлімдерде қызмет атқарған. Уақыт өте оның ата кәсіппен айналысамын деген арманы басым түсіп, ауылға оралады.

Шопан таяғы Алмат үшін таңсық емес. Бәлен жыл мал шаруашылығының маманы болған әкесінен алған тәлім-тәрбиесі бар. Өзінің де алғашқы мамандығы ветеринар. Сондықтан тосырқамай, мал бағуға бірден білек түре кіріскен. 70 қойдан бастаған ол бүгінде Шопан ата түлігінің санын 5 мыңға жеткізген. Біркелкі асыл тұқымды, төзімді, тез қоң жинайтын, еті құнарлы өзіміздің қазақы Еділбай қойларын әлемге таныта алмай отырмыз дейді Алмат.

«Қой өсірудегі қиындықтар шашетектен. Бағылым жерлері елді мекеннен қашықта. Қатынас қиын. Жайылым бар болғанмен, суат, көлдер жоқ. Сондықтан бірнеше жерден ұңғыма қазуға тура келген. Қарабалық ауданының Ресеймен шекаралас шет аумағында болғандықтан, ұры-қарылар да жиі мазалайды екен. Ең бастысы, асыл тұқымды қой басына берілетін 4 мың тенге субсидия тым аздық етеді»‎ - дейді кәсіпкер.

Бұл мәселе жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс айтылған. Бірақ әзірге жауап жоқ.

«Шындығын айтқанда, соңғы 3-4 жылда нормативтер жағы бір орнында тұр. Соңғы 2-3 жылда малды ұстау, жемшөбін табу қымбатқа түсіп жатыр. Нормативтерді қарастыру жағы, өзгерістері кешігуде», - дейді Қарабалық аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ернар Өртембаев.

Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан, Алмат алған бетінен қайтпақ емес. Асыл тұқымды қой санын 20 мыңға жеткізіп, елімізде теңдесі жоқ селекциялық орталыққа айналдырамын деп отыр. Экспортқа да шығармақ ойы бар.

«Мынау жайылымға ең жақын ауыл – 80 шақырым. Мұнда су, электр жарығы, ұялы байланыс жоқ. Соған қарамай, қоймен айналысамыз. Мен осында отбасымды алып келдім. Айналысамыз не болса да», - дейді кәсіпкер.

Оның қой жүнін өңдейтін цех ашатын ойы да бар. Қазір соған қатысты келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама