«Салбурын» фестивалі Қырғызстанның тәуелсіздік күніне арналды
Қырғызстанда ел тәуелсіздігінің күніне және Байтик батырдың 200 жылдығана арналған халықаралық «Салбурын» фестивалі өтті.
Осы мерекеде 16 мемлекеттен келген құсбегілер мен садақшылар арасында жарыс өтіп, Қазақстанның атынан сынға түскен құсбегілер жүлделі орынға ие болды. Сонымен қатар жамбы атудан да үздіктер қатарынан көрінді.
Құсбегілер сайысында Ақберген Құрманғалиев жеңімпаз атанса, екінші орынды Ғабит Таңатов алды. Үшінші орынға алаң иесі Нурсултан Колбаев ие болды.
Ителгі жарысында Қырғызстан өкілі Тугел Абдыкадыров бірінші орынды жеңіп алды. Екінші және үшінші орынды отандастарымыз Арман Қошқаров пен Дәурен Аршабай иеленді.
Жамбы атуда бас жүлдені Бақдәулет Бабажан жеңімпаз атанды. Күміс медальді Сарыбай Айтбек алса, қола жүлденің иегері қырғызстандық Кубан Томатаев болды.
Жерде садақ ату бойынша Венгриядан келген Ласлоу Коска бірінші орынға ие болды. Сонымен қатар екінші және үшінші орындарға да венгриялықтар ие болды.
Құсбегілік өнері қазақ халқының ежелден келе жатқан көне дәстүрінің бірі. Қазақ халқының тектілігін, жігіттерінің серілігі мен жүректілігін танытатын бұл өнер аса білгірлік пен қырағылықты талап етеді.
Ал жамбы ату – қазақ халқының ер жігіттің мергендік, ептілік қабілетін сыннан өткізетін, намысын жанитын ежелгі ойынының бірі.