Дойбыдан әлем чемпионаты: Қазақстан 5 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде алды
Бес спортшы тоғыз медаль алып қайтты
Болгарияның Кранево қаласында жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында 64 дойбыдан өткен әлем чемпионаты мәресіне жетті. 6 жас ерекшелігі бойынша дойбының рапид, блиц және классикалық түрінен өткен додада Қазақстан құрамасы өте табысты өнер көрсетті.
Жарыстың соңғы күні классикадан оралдық Алтынай Саматова 8 жасқа дейінгі дойбышылар арасында алтын жүлдені жеңіп алып, әлемнің абсолютті чемпионы атағын иеленсе, Оралдың тағы бір дойбышы қызы Тоғжан Тәжібекова 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионы атанды.
Бұдан бөлек дойбының классикалық түрінен Орал қаласының дойбышысы Айбек Есенғалиев 14 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атағын жеңіп алды.
Осылайша Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын 5 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлдемен қорытындылады. 5 спортшымен барып, 9 жүлде, оның ішінде 5 алтынды жеңіп алу деген өте үлкен жетістік. Сондай-ақ чемпионат барысында ерлер мен әйелдер арасында командалық әлем чемпионаты өтіп, құрамында Алтынай Жұмагелдиева мен Тоғжан Тәжібековалар бар Қазақстан құрамасы блиц пен классикадан қола жүлде алған болатын. Оралдан барған үш қыздың үшеуі де әлем чемпионы болды. Қазақтың үш қызы бір додада үш алтын медальге ие болғаны бұған дейін болған емес. Бұл тамаша жетістікке өз үлестерін қосқан барша азаматтарға, оның ішінде дойбышылардың әлем чемпионатына қатысуына қолдау көрсеткен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есенаманұлына, Батыс Қазақстан облысында дойбы спортын өрге сүйреп жүрген облыстық федерацияның президенті, спорт жанашыры Жарқын Серікұлына және Ақжайықта дойбы секілді мықтылар ғана ойнайтын зияткерлік ойынды дамытып, көптеген әлем чемпиондарын дайындаған білікті бапкер Данияр Жұмагелдиев пен ұлттық құраманы Болгарияға бастап барған ойыншы-бапкер, әлемнің 7 дүркін чемпионы Алтынай Жұмагелдиеваларға жеңістеріңіз құтты болсын дейміз!