Мені қаралау науқаны басталды. Бұған қыруар қаржы бөлінген – Тілеухан
Тілеуханның айтуынша, қазіргі уақытта бірнеше ұйымдасқан топ оның экс-депутаттың есімін қаралаумен айналысуда.
Қаңтар оқиғасының алдында Түркияға көшкен Бекболат Тілеуханның ашуы тарқамай тұр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Қаңтар трагедиясының боларын біліп, шетелге тайып тұрды» деген Ринат Зайытовтың мәлімдемесінің ыстығы басылса да, экс-депутат бұған қатысты пікір білдіруін доғарар емес.
Бұл жолы әлеуметтік желідегі оқырмандарымен диалог құрған Тілеухан атышулы айтыскер ақынның айыптауын теріске шығарып, сондай-ақ Түркияға не себепті кеткенін түсіндірді.
Елді мазалаған сауалдарға Тілеухан Instagram арқылы жауап беріпті.
«Қаңтар оқиғасының болатынын білдіңіз бе?» деген сауалға Тілеухан:
«Қайдан білесің ондай зұлматты?! Қанды қаңтарды мен түгілі, мүйізі қарағайдай сарапшылар да болжай алған жоқ.
Ал «Бекболат білді, білген соң кетті» деген жала ол енді қанқұйлы дұшпандарымның өлімге қиған өсегі!
Геббелстің «чем чудовищнее ложь, тем охотнее в нее верят и тем быстрее она распростроняется» деген саяси технологтар күні бүгінге дейін қару еткен қарау тәсілі бар. Сол тәсілді тағы да маған жанталаса қолданып жатыр, біріне бірі доп ойнағандай тас тастап жатыр, – деді.
Тілдесу барысында ол Түркияға не үшін кеткенін түсіндірді.
2021 жылдың қыркүйек айында Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы тарапынан (президенті Біләл Ердоған) маған қызметке ұсыныс түсті. Қазақ елінің атынан осындай мәртебелі қызметті атқару – үлкен абырой және ел имиджіне де пайдасы зор деп білдік.
Осыған орай, мен желтоқсан айының соңында депутаттық мандатымды тапсырып, аз уақыттық демалыстан кейін ақпан айында Стамбұл қаласындағы қызметіме кірістім. Содан бері халықаралық ұйымда қызмет етіп жатырмын, – деп мәлімдеді ол.
Тілеуханның айтуынша, қазіргі уақытта бірнеше ұйымдасқан топ оның экс-депутаттың есімін қаралаумен айналысуда.
Бекболат Тілеуханды қаралау процесі кәдімгі ғылыми жүйемен іске асты. Бұл іспен бірлі жарым топтар емес, кәдімгі бірнеше институт жүйелі түрде іске кірісті.
Бұдан ондаған жылдар бұрынғы сұхбаттардың әр сөзін сүзіп, сараптап, монтаждап, жарыққа шығарды. Оның бәрі уақыт, оның бәрі қаржы. Әр сөзіңді жай ғана мазақтап қана қоймай, гриммен, сақал жапсырып, шашын келістіріп, дыбысты туралап, кәсіби актерлерді тартып, вирустық видеолар дайындаған. Оның бәрі уақыт, оның бәрі қыруар қаржы, – дейді ол.