Номгон жазуы туралы кітап шығады
Жаңа кітап Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде таныстырылады
Номгон алқабында жүргізілген ғылыми-археологиялық экспедициясы туралы кітап жарыққа шығады. Бұл туралы Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, биыл Моңғолиядағы Шивээт улаан кешені мен Номғон алқабында жүргізген экспедициясының қорытындысы шығарылады.
Жиналған деректерді 2 томдық жинақ ретінде жазуды жоспарлап отырмыз. Біріншісі, Шивээт улаан кешеніндегі археологиялық зерттеулер бойынша. Екіншісі, Номгон алқабында жүргізілген ғылыми-археологиялық экспедициясы негізінде. Кітапта Номгондағы жазу, оның сипаттамасы болады. Автор ретінде экспедиция мүшелері көрсетіледі, - деді Дархан Қыдырәлі ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ ол жаңа кітап қашан таныстырылатынын айтты.
«Биыл 11 қарашада Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтеді. Осы уақытқа дейін бұл кітаптарды шығарып, саммитке тарту етсек деген жоспарымыз бар», - деді Халықаралық түркі академиясының президенті.
Дархан Қыдырәлі тарихта жаңа термин пайда болғанын жеткізді.
«Осы уақытқа дейін Орхон жазбалары деп келдік. Енді тарихта Номгон жазбасы деген ұғым пайда болды. Ол Орхон жазбасынан ілгерілеу. Сондықтан 2022 жылғы 20 тамызды Номғон жазбасы табылған күн ретінде белгілеуге болады», - деп түйіндеді сөзін ол.
Айта кетейік, осыған дейін Моңғолиядан Құтлық Елтеріс қағанның кешені мен жазуы табылғаны туралы хабарланған еді.