×

Қызылордада мектеп директоры әр формаға 28 мың теңгеден жинаған

Алынған киімдердің сапасы төмен, жыртық

 Еркеғали Болатұлы 31.08.2022 | 17:29
фото: дереккөз

Қызылорда қаласына қарасты №138 мектептің ата-аналары жаңа оқу жылы қарсаңында тығырыққа тіреліп отыр. Мектеп директорының талабымен 28 мың теңгеге бірыңғай формаға тапсырыс берген олар киімнің сапасына наразы.

Тұрғындардың айтуынша, ақ көйлектердің өлшемі тым үлкен екендігімен қоймай, түймелері бір-біріне мүлдем сәйкес келмейді екен. Шалбары да киюге жарамсыз. Бұл жағдайға ашынған ата-ана шағымдарын әлеуметтік желіге жазды деп хабарлады Stan.kz.

«№138 мектеп директорының қалауы бойынша 28 мың теңгеге форма тігілмекші болған. Көпшілік аналар қарсы болса да, мектеп директоры сынып жетекшілерінен оқушыларының 100 пайызы киім алуын талап еткен. Қолымызға 25 тамызда болады деген киім 30 тамызда бір-ақ тиді.

Қызығы, мектеп директорының дәл осы бірыңғай формаға қызығушылығы қатты болды. Егер директор бүкіл мектептің осындай форма кигенін қаласа, үсті ақ, асты қара принципін ұстануы қажет еді. Ол кісі ата-аналар түгел қолдамағанын сол кезде білді ғой. Себебі алынған киімдердің сапасы төмен, жыртық. Енді ертең сабақ, ата-аналар не істерін білмей отыр.

Киім түгел келмеген, Түркиядан келген киімнің түрі мынау. Бағасы – 28 мың теңге. Базардан бұл бағаға шертіп жүріп алуға болатын еді» деп жазды тұрғындардың бірі kritikakyzylorda парақшасына.

Бұл жағдайға қатысты қалалық білім бөлімінің мамандары ресми жауап берді.

Бүгінде қаражат жинау тоқтатылды. Жиналған ақша кері қайтарылды. Оқушылар форма тіккен тігін шеберханасының формасын кимейді, - деп жауап берді бөлімнің баспасөз қызметі.

Енді ата-аналар жаңа оқу жылына бір күн уақыт қалған кезде базар аралап, балаларының киімін түгендеуге мәжбүр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама