Осы кезге дейін өңір басшысы болған Оңдасын Оразалин қызметінен босатылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 31 тамыз күнгі № 994 Жарлығымен Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды. Ол Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары лауазымынан босатылды.
Бүгін сағат 14.00-де Ақтөбе облысындағы мәслихаттар депутаттарының жиналысы болды.
Осы жиналыстың күн тәртібінде Ақтөбе облысының әкімін тағайындауға келісім беру мәселесі ғана қаралды.
Жиында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мәслихат депуттаттарына облыс әкімінің лауазымына кандидаттар - Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Ақтөбе ақласының әкімі Асхат Шахаровты таныстырып, кейін олар өз бағдарламасын ұсынды.
Кандидат Ералы Тоғжанов облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсетішін арттырып, кадр дайындау жұмысына баса мән беретінін айтып, туристік әлеуетті дамыту жобаларын ұсынды. Сондай-ақ ол өңірде автомобиль жолдары сапасын жақсарту жобасын айтты.
Кандидат Асхат Шахаров та жол, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласын дамыту жолын жақсарту керектігін атап өтті. Қала әкімі соңғы екі жылда Ақтөбеде бірқатар істің қолға алынып, жүзеге асып жатқанын жеткізді.
Осыдан кейін дауыс беруге кезек берілді. Соның нәтижесі бойынша Ералы Тоғжанов Ақтөбе облысының әкімі қызметіне тағайындалды.
Осылайша Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының Жарлығымен Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды. Ол Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары лауазымынан босатылды.
Ералы Лұқпанұлы 1963 жылғы 13 мамырда Батыс Қазақстан облысында туған.
1988 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін, 1994 жылы Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтын бітірген. Мамандығы — заңгер.
Еңбек жолын 1980 жылы Орал облысы Октябрь орман шаруашылығының жұмысшысы болып бастаған.
1988 - 2001 жылдары – Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушы, Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының директоры, факультет деканы, Қазақ мемлекеттік заң университетінің филиалының директоры.
2001 - 2006 жылдары – Қарағанды облысы әкімінің орынбасары.
2006 - 2008 жылдары – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің дін істері жөніндегі комитетінің төрағасы.
2008 - 2017 жылдары – Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі.
2017 - 2019 жылдары – Маңғыстау облысының әкімі.
2019 - 2020 жылдары – ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары болып қайта тағайындалды.
Бүгін сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен Оңдасын Сейілұлы Оразалин Ақтөбе облысының әкімі лауазымынан босатылды.
Президент оған өңір басшысы қызметіндегі көп жылғы жұмысы үшін алғыс айтты.