×

Қарин былтырғы жолдаудың аралық қорытындысын жасады

Барлық жұмыс Ұлт жоспары аясында жүргізіліп жатыр

 Динара Амантай 31.08.2022 | 15:49
Ерлан Қарин, фото: gov.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ертең жасайтын Қазақстан халқына кезекті Жолдауында еліміздің алдағы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтары айқындалады. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegram желісіндегі арнасында жазды.

Ол еліміздің бірқатар сарапшылары Мемлекет басшысының ертеңгі Жолдауының ықтимал мазмұнын талқылап, болжамын айтып жатқанда, «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел игілігінің берік іргетасы» 2021 жылғы жолдауын іске асырудың аралық қорытындысын жасауды жөн көрді.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, барлық практикалық жұмыстар арнайы Ұлт жоспары аясында жүргізіліп жатыр. Ол 103 пункттен тұрады. Олардың басым бөлігі орындалып, қалғанының орындалуын Президент әкімшілігі жіті бақылап отыр.

Сонымен бірге Ерлан Қарин маңызды әлеуметтік бастамалардың ішінде 2022-2025 жылдар аралығында мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттарының (мәдениет ұйымдары, мұрағаттар, оның ішінде техникалық қызметкерлер және т.б. қызметкерлері) жалақысын орташа есеппен 20%-ға кезең-кезеңімен арттыруды атап өту қажет деп есептейді.

Сондай-ақ ол заңнамаға ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін көтеру және оны салықтық, әлеуметтік және басқа салалардағы есептік көрсеткіш ретінде алып тастау бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін жеткізді.

2025 жылдың соңына дейін кемінде 1000 мектеп салу жөніндегі Жол картасы бекітілді. Тұрғын үй мәселесін шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Отбасы банкі» арқылы жалпы сомасы 230 миллиард теңгеге жуық 20 мыңнан астам жеңілдетілген несие берілді. Ұлт денсаулығын жақсарту бағытында нақты қадамдар жасалды. Атап айтқанда, «Биологиялық қауіпсіздік туралы» Заң күшіне еніп, тұрғындарға ДДҰ-да тіркелген коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналардың қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Саяси жаңғырту және адам құқықтарын қорғау блогы толығымен дерлік жүзеге асырылды, – деп жазды Ерлан Қарин.

Мемлекеттік кеңесшінің мәліметінше, адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту және заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін прокурорлардың аса ауыр санаттағы қылмыстық істер бойынша айыптау қорытындысын дайындау бөлігінде құзыреті кеңейтілді. Уәкілетті органдар алаяқтықпен және пирамидалық схемалармен күресу бойынша 2022 жылға арналған бірлескен шаралар кешенін жүзеге асырып жатыр. Заң шығару жұмыстарының шеңберінде білім беру саласында, стресстік активтер нарығын дамыту туралы және басқа да заңдар қабылданды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспары, 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы бекітілді.

«Жалпы, Мемлекет басшысы алға қойған барлық бастамалар дәйекті түрде жүзеге асып, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және еліміздің тұрақты дамуына тікелей әсер ететінін атап өткен жөн. Осылайша, жүзеге асырылған бастамалар одан әрі жасалатын реформаларға негіз болады», – деді мемлекеттік кеңесші.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама