Өтінімдерді қабылдау 1 қыркүйекте басталады
Қазақстандық жекеменшік IT-мектептерге берілетін ваучерлердің көлемі артты. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
Министрдің айтуынша, Tech Orda бағдарламасы бойынша барлығы 600 мың теңгеге дейін 3 мың ваучер бөлінеді.
Өткен жылы біз осы бағдарламаны пилоттық жоба ретінде өткізіп, ол кезде біз 13 жекеменшік IT-мектепті қаржыландырдық, 100 студент білім алды. Әр студентке ваучер 600 мың теңгені құрады. Биыл біз бұл жұмысты жалғастырамыз, бірақ ваучерлер санын арттыруды жоспарлап отырмыз, – деп жазды министр.
Сонымен бірге ол IT-мамандарды даярлау мәселесі Мемлекет басшысының бақылауында екенін жеткізді. Президент 2025 жылға қарай кемінде 100 мың білікті IT-мамандарды даярлау міндетін қойған болатын. Олардың 20 мыңын министрлік Astana Hub Технопаркімен бірлесе отырып даярлайтын болады.
Министр Orda бағдарламасы-бұл қазақстандықтар үшін сапалы IT-білімді тегін алудың бірегей мүмкіндігі екенін жазды. Бқған қоса ол бағдарлама болашақта көптеген сапалы IT-жобалар беретініне сенім білдірді.
«Жеке IT-мектептерден өтінімдерді қабылдау 1 қыркүйекте басталады. Жеке IT-мектептерді бағдарламаға қатысуға және белсенді өтінім беруге шақырамын!», – деп жазды Бағдат Мусин.