Елімізде 1 қыркүйекте 80 мектеп ашылады – вице-министр
2025 жылдың соңына дейін елімізде 1 000 мектеп салынады
Оқу жылының басталуына қарай 80-ге жуық жаңа мектеп ашылады. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев айтты.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, жыл соңына дейін барлығы 230-дан аса мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылдың соңына дейін елімізде 1 000 мектеп салынады. Былтыр 277 мектеп пайдалануға берілді. Биыл тағы 230 мектепті ашу жоспарланып отыр. 1 қыркүйекке дейін 80 мектеп ашылады. Қазір жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, қалған мектептердің құрылысын мерзімінде аяқтау үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мектептерді қаржыландыру және оның құрылысы заңды түрде әкімдіктердің құзырында екенін еске сала кетейік. Мемлекеттік сатып алулар, жобалық-сметалық құжаттарды дайындау, жер телімдерін бөлу, инженерлік инфрақұрылым, құрылыс және іске қосу – жергілікті әкімдіктерге жүктелген осы үрдістің барлығын қарап, оңтайландыру қажет, қазір онымен арнайы жұмыс тобы айналысып жатыр. Нақты құрылыс салу, әкімдіктердің мектеп салмай үй салуға рұқсат беру тәжірибесі - ол бөлек мәселе. Соның салдарынан қазіргі мектептер бірден үш ауысымға айналады. Біз заң жүзінде мұндай мүмкіндікті толығымен жоюды талап етеміз, – деді Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев.
Жаңа мектептің басым көпшілігі демографиялық өсім белсенді және оқушылар орны жеткіліксіз аймақтарда салынып жатыр. Бұл Алматы, Атырау облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары.
Бұған қоса өңірлерде де 200-ден астам мектепке күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын екенідігі белгілі болды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов педагогтердің аттестациясына енгізілген бірқатар өзгерістер туралы айтқанын жаздық.