Ресейдің өз армиясын күрт ұлғайтуының астары неде?

Халық үні

РФ басшысы Владимир Путин Ресей қарулы күштерінің штаттық санын қазіргі 1,9 миллионнан 2,04 миллион адамға дейін күрт арттыратын жарлыққа қол қойды. Сарапшылар бұл бірнеше жайттан хабар беретінін ескертті. Көрші жаңа соғысқа әзірленіп жатқан жоқ па?

фото: РФ ҚМ

Осы оқиғаға қатысты РФ ресми тұлғалары түсініктеме бермеді, ресейлік пропаганда үстірт тоқталып, мағынасына терең бойлаудан жалтарды. Бұл жерде бірнеше мәселе назар аудартады.

Біріншіден, РФ әскеріне қызмет көрсететін, бірақ армияның бөлшегі саналатын персонал емес, қару алып, соғыс жүргізетін солдаттар саны арттырылып отыр.

Екіншіден, әскери салада көп нәрсе құпияда ұсталатындықтан, ВВС сарапшылары 2,04 миллион деген сан шындық болмауы, РФ армиясының саны одан көп не аз ұлғайтылуы мүмкін деген байламға келіп отыр. Кремльдің сайтында жарияланған жарлық текстінен осынша көбейтудің себебін түсіну мүмкін емес. Тек ол "Қорғаныс туралы" заңына сәйкес қабылданып отырғаны айтылған.

Бұған дейін Путин қарулы күштер санын 2017 жылдың қарашасында 1 млн 902 мың 758 адам деп бекітті (оның 1 млн 13 мың 628-і – әскери қызметшілер, қалғаны – азаматтық персонал). Ал 2023 жылғы қаңтарда армияның штаттық саны 2 миллион 39 мың 758 адамға жеткізіледі.

Яғни солдаттар саны бірден 137 мыңға ұлғайтылады. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанның Қарулы күштерінің жауынгерлерінің саны 70 мың адамнан сәл ғана асады.

ВВС сарапшыларының пікірінше, Кремль соғыс жариялаудан және ер-азаматтарды жаппай майданға шақырудан әзірге бас тартып отырса да (тегіс жұмылдырса, әскер сапына 31 миллион адамды қоя алады деп есептеледі), Ресейде жасырын мобилизация басталған сыңайлы.  

«Ресей армиясы өз қатарын кімдер есебінен күрт әрі қысқа мерзімде толықтыратыны жарлықта жазылмаған. Украинаға басып кірген соң, 2022 жылғы көктемде мерзімді әскери қызметке 134,5 мың жас шақырылды. Алайда олар алдағы көктемде елдеріне қайтуға тиіс. Путиннің жарлығын орындау үшін осы 134,5 мың жауынгерді тегіс контрактіге қалдырып, оларға қоса алдағы күзде тағы 140 мың жасты әскерге шақыруға болады. Сонда алдағы көктемде жүз отыз мыңдайға азаймайды. Демек жарты жылдан бері Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сол солдаттарды қызметін әрі қарай ақылы жалғастырып, табыс табуға көндіру қалады», – деп түсіндірді британдық ВВС.

Оның сарапшыларының болжамынша, Ресейде қазір Украинадағы соғысқа қатысып, табыс тапқысы келетін барлық адам арасында жасырын мобилизация қарқынды жүріп жатыр, ал Путин соны тек өз жарлығымен растап отырса керек.

Дегенмен ВВС сарапшылары РФ қарулы күштерінің жүз мыңнан астам ерікті жинай алатынына сенбейді. Себебі «алапат пропагандаға, федералдық және өңірлік телеарналардың күндіз-түні еріктілер туралы сюжет пен бағдарламалар түсіріп, олардың аста-төк қаржыға қарық болғанын насихаттаса да, ресейлік өңірлерден еріктілер батальондарының толмай жатқаны, олар штаттық саны жөнінен ротаға да тартпайтыны туралы хабарлар түсуде». 

Салдарынан, жеке әскери компаниялар еріктілерді ресейлік колониялардан, изоляторлардан, сондай-ақ Сирия, Солтүстік Корея, Африка, Орталық Азияның кедей елдерінен іздеуде. 

«Біріншіден, ұзақ жауынгерлік даярлығы болмағандықтан, мұндай жалдамалылардың әскери құндылығы күмәнді. Екіншіден, олардың патриотизмі төмен, Ресейді Отаным деп санамайды, ол үшін жанын қиюға дайын емес. Сонысымен олар Украинаның Отан қорғаушыларынан ерекшеленеді. Оның үстіне олардың бәрі РФ қарулы күштерінің құрылымына кірікпеген», – деп мәлім eтті ВВС.

Ал The Times дeрeгіншe, Ресейдің барлық өңірінде жасы 18-ге толған бозбалаларды да «Отанға төнген қауіппен күресуге», армия қатарын толықтыруға шақырған жарқағаз-плакаттар, билбордтар пайда болды. Ресейлік басылымдар ондай жарнама тіпті «не убий» өсиетін уағыздайтын шіркеулерде ілінгенін жариялауда. Хабарландырулар бір жағынан отан қорғап, екінші жағынан қомақты табыс табуға шақырады.

Times сарапшыларының пайымдауынша, Путиннің РФ армиясын күрт арттыруы оның Украинадағы ұзақ соғысқа дайындалып жатқанын білдірсе керек. Батыстық басылым Ұлыбританияның Қорғаныс министрі Джеймс Хеппи (James Heappey) мәлімдемесіне сілтеп, жарты жыл ішінде Украинадағы майданда «өлген, жараланған, тұтқынға алынған, із-түзсіз жоғалған не қашып кеткен» ресейлік солдаттардың жалпы саны 80 мыңнан асқанын мәлімдеді. Өз кезегінде Кремль «арнайы әскери операциядағы» адам шығынының «ауқымды» (значительные) екенін мойындады, бірақ мамырдан бері нақты санды жарияламады.

Бірқатар халықаралық сарапшылар Мәскеу осы арқылы тағы бір көршісіне тап беруге әзірленіп жатуы ықтимал деп жорамалдаған.

Ал The New York Times сарапшылары бұдан Кремльдің Украинадағы ұзақ соғысқа дайындалуын байқапты. Себебі Украинадан бөлек, жаңа майдан ашып, толыққанды соғыс жүргізу үшін әскери авиацияны, әуе қорғанысы құралдарын (ПВО), сауытты техниканы және басқасын сол жаққа жұмылдыруға тура келеді. Мұндай жағдайда Батыстан заманауи озық қару-жарақ пен соғыс техникасын алып, мұздай қаруланып жатқан Украинаның Қарулы күштері күрт күш алып, РФ әскерін оккупациялаған аймақтарынан түре қуып шығуы мүмкін.

«Қорғаныс министрлігі, Бас штаб, генералдар Кремлге жаппай мобилизация жариялаусыз, тек еріктілер күшімен Украинада жеңіске жету мүмкін болмай қалғанын білдіріп, белгі бере бастады. Бірақ ер-азаматтарды жаппай майданға аттандыруға Путин бара алмайды, онда бұған дейін соғысты теледидардағы телехикаядай қабылдап, сырттай жанкүйер болып келген халық арасында наразылық күшейіп, толқулар басталуы мүмкін. Сондықтан әскери мақсаттарға жету үшін жаңа айла-шарғы, амал-тәсілдер пысықталуда. Бұл қадам – соның біріне ұқсайды. Әйтпесе, Кремль бұрынғы жылдары керісінше, шектен тыс қампайтылған армияны ықшамдауға күш салып келген еді. Енді қарулы күштер қатары күрт арттырылып, РФ үкіметіне соған жеткілікті қаржы бөлу жүктеліп отыр», – деп еске салды The New York Times.

RAND әскери стратегиялық зерттеу орталығының аға саяси зерттеушісі Дара Массикот та Кремль Украинадағы соғыстың ұзайтынына дайындалып жатқанын айтты.

«Соғысты тездетіп аяқтағысы келетін ел мұндай қадамға бармайды. Бұл керісінше, созылмалы сипаттағы қарулы жанжалдың жоспарынан туындаған қадамға ұқсайды. Бұл – еріктілерді жаппай тартудан жарытымды нәтиже шықпағанының белгісі болса керек. Яғни соғыс алдағы қыста және одан ары қарай созылатынын білдіретін көптеген айғақтар пайда болуда. Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің басшысы Алексей Данилов соғыстың ең ауыр күндері алда тұруы мүмкін екенін ескертті», – деді америкалық сарапшы.

Бірақ халықаралық сарапшылар РФ армиясының сапын ұлғайту Ресейді тұйықтан шығара алатынына сенбейді. РФ қорғаныс министрлігі Украинадағы әскери қимылдар қарқыны баяулайтынын мәлімдеп, мұны адам шығынын азайту қажеттілігімен түсіндірді. Сонымен бірге басқыншылар Украина қалалары мен елді мекендеріне, соның ішінде инфрақұрылымына зымырандық соққы беруді өрістетті.

Америкалық сарапшы Дара Массикоттың пікірінше, РФ армиясы 137 мыңға көбейтілгенімен ол Ресейдің соғыста жеңіске жетуіне серпін бере алмайды. Себебі қару-жарақтың, әскери техниканың, тіпті ұшқышсыз ұшатын аппараттардың (беспилотник) жетіспеушілігі мәселесі шешімін тапқан жоқ. Олардың өндірісіне санкциялар кесірін тигізуде. Ол Батыс елдері қаруландырып жатқан қарсыластың армиясын тізе бүктіруі үшін ресейлік армия алдымен кеңестік үлгідегі сипатынан арылып, заманауи соғыс күшіне айналуға тиістігін айтады.

Ал АҚШ-тың Әскери-теңіз саласындағы талдаулар орталығының (CNA) Ресейді зерттеу бөлімінің директоры Майкл Кофман осы жарлық жыл соңына дейін Украинаның оккупацияланған аймақтарын РФ-ның өзіне қосып алуына бағытталуы мүмкін деп жорамалдады.

«Қырымды қосып алғанда, РФ халқы 2 миллионға артты. Ал Донбассты, Украинаның үш облысының үлкен бөлігін референдум арқылы өзіне қосса, бес миллиондай қосымша халық қосылады. Путиннің бұл жарлығы осы жаңадан қосылатын өңірлерде кең ауқымды әскерге шақыруды немесе мобилизациялауды қарастыруы ықтимал. Кремль өз қарулы күштерінің құрамын Украинаның аннексияланған өңірлерінің прокси-күштерімен толықтыруға кірісуі мүмкін», – деп тұспалдады М.Кофман.

Өз кезегінде ресейлік әскери сарапшы Павел Лузин 2000 жылдардың басында ресейлік солдаттар Шешенстанда екінші соғысты бастағанда, РФ армиясының саны осылай арттырылғанын еске салды. Алайда ол Ресей халқының саны қарқынды азайған, соғыстың күйретуші күші өршіген шақта армияның шексіз ұлғая беруін ел де, экономика да, бюджет те көтере алмайтынына назар аудартты.

Росстаттың ресми статистикасына сәйкес, 2022 жылдың 5 айында Ресей халқы 430 мыңға кеміген.

РФ статорганының мәліметінше, Ресей Федерациясының тарихында тұңғыш рет қайғылы рекорд орнатылды. 2021 жылы қайтыс болған ресейліктер саны 1,04 миллион адамды құрады. Тек коронавирус індетінен 384 мыңнан астам РФ азаматы жантәсілім еткен. Демографтар соғыс Ресей демографиясына жойқын соққы бергенін айтып жүр.

Дереккөз: inbusiness.kz