«Басына пакет кигізіп азаптаған»: Түркістан облысында 4 полицей қамауға алынды

Халық үні

Жәбірленушінің айтуынша, бір топ полицей оны жасамаған қылмысты мойындату үшін ұрып-соғып, басына пакет кигізіп азаптаған

Фото: azh.kz

Түркістан облысының Сауран ауданында екі қой ұрлығы бойынша полиция ғимаратында әбден азапталдым деп шағымданған ауыл тұрғынының арызы бойынша 4 полиция қызметкері сот санкциясымен қамауға алынды. Полицейлер ұрып-соғу арқылы 34 жастағы Нұрболат Өмірбековке жасамаған қылмысты мойындатпақ болған, деп хабарлайды Экспресс К.

Қылмыстық істі тергеп-тексерумен Түркістан облыстық прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасы айналысып жатыр. Бұл іс бойынша Сауран аудандық полиция бөлімінің 4 қызметкері (оның екеуі қазіргі таңда жұмыстан босатылған) күдікке ілінген.

Бұл туралы облыстық прокуратураның Экспресс К редакциясы жолдаған ресми сауалына берген жауабында айтылған.

Нұрболат Өмірбековтің арызы бойынша Сауран аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі 1,2-тармақшалары (Азаптау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. 27 тамызда Түркістан қаласының мамандандырылған тергеу сотының қаулыларымен 4 күдіктіге қатысты екі айға дейінгі мерзімге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға санкция берілді, - делінген жауапта.

Түркістан қаласының мамандандырылған тергеу сотының мәліметінше, полиция қызметкерлері алдын ала сөз байласып, ер адамға психикалық қысым көрсетіп, азаптады деп күдіктеліп отыр. Сонымен қатар күдіктілер мен олардың туыстары жәбірленушіге ақша ұсынып, арыздан бас тартуға шақырған.

Тергеу судьясы жинақталған құжаттар негізінде күдіктілердің жасаған қылмысының саралануын, тағылған айыптың ауырлығын ескерді. Оларға қатысты 2 айға күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы санкцияланды, – делінген тергеу сотының ақпаратында.

Судьяның айтуынша, Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігінде белгілі бір лауазымды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінге мерзімге айыра отырып, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Еске салсақ, қоғамдық резонанс тудырған оқиға 8 ақпан күні Сауран аудандық полиция ғимаратында болған.

Жәбірленушінің айтуынша, бір топ полицей оны жасамаған қылмысты мойындату үшін ұрып-соғып, басына пакет кигізіп азаптаған. Жаны қиналған 34 жастағы ер адам жасамаған қылмысты мойындауға мәжбүр болған. Бірақ кейінірек ол полицейлердің үстінен арыз түсірді.

Түркістан облыстық Полиция департаменті Нұрболат Өмірбековтің мал ұрлығы бойынша күдікті болғанын, алайда қылмыстың дәлелденбеуіне байланысты іс Қылмыстық процессуалдық кодекстің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес тоқтатылғанын мәлімдеді.

Ауыл тұрғыны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрады.