Конституция күні: тәуелсіздік жылдары Ата заң қалай өзгерді?
Биыл Ата заңның қабылданғанына 27 жыл толды
30 тамыз – Конституция күні. Биыл Ата заңға 27 жыл толып отыр.
Елімізде Конституция екі рет қабылданды. Алғаш 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған құжатта Қазақстан парламенттік республика деп көрсетілді. Алайда 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум өткізіліп, Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл құжат қазірге дейін қолданылады. Ата заң 9 тарау, 98 баптан тұрады.
БИЛІКТІҢ БІРДЕН-БІР БАСТАУЫ – ХАЛЫҚ
«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз».
Қабылданғанына биыл 27 жыл толған Ата заң осындай сөздермен басталады. Сондай-ақ Ата заңның 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, деп көрсетілген.
Ал екінші бапта Қазақстанның президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет екені айтылады. Сондай-ақ елдің астанасы Нұр-Сұлтан қаласы деп көрсетілген.
Үшінші бапта «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жазылған.
Ата заңның 4-бабына сәйкес, Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады.
Конституцияның 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені, мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны көрсетілген.
КОНСТИТУЦИЯҒА ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕР
1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған Конституцияда Қазақстан парламенттік республика ретінде көрсетілген. Ал Жоғарғы кеңес жалғыз заң шығарушы орган болды. Президент депутаттардың алдында есеп беруге міндетті болды. Заң бойынша Жоғарғы кеңестің өкілеті басым болды.
Алайда 1994 жылы Жоғарғы сот таратылды. Ал бір жылдан кейін жаңа Конституция қабылданды.
1995 жылы қабылданған Конституция 95 баптан тұрды. Алайда бірнеше рет өзгеріс енгізіліп, 98 бапқа жетті. Бұл жылы енгізілген өзгерістер қатарында бар:
- парламент билігін президентке беру,
- екі палаталы парламент – сенат пен мәжілісті құру;
- парламентті бақылаушы функциясынан айыру;
- заң шығару функциясын үш институт – президент, үкімет пен парламент арасында бөлу;
- конституциялық сот пен арбитраждық сотты тарату;
- президентке сенаттың 7 депутатын тағайындау өкілеттігін беру;
- президент лауазымына 35 жасқа толған және 65 жастан аспаған адамды 5 жылға сайлау;
- бір адамды қатарынан екі реттен артық президенттікке сайламау.
1998 жылы Конституцияның 19 бабына түзету енгізілді. Осылайша, президент болуға үміткер адамның жас шегі 40-қа дейін көтерілді, ал 65 жасқа дейінгі шектеу алынды.
Сондай-ақ сенат депутаттарының өкілеттігі – 6 жыл, ал мәжіліс – 5 жыл деп бекітілді.
Одан кейінгі өзгеріс 2007 жылы енгізілді. Бұл жолы 30 түзету енгізілді. Ішінде «бір адам қатарынан екі реттен артық президент болып сайлана алмайды» деген тармаққа «Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш президентіне қолданылмайды» деген сөйлем қосылды.
Мемлекет басшысына қосымша өкілет берілді. Осылайша президент сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін тағайындайтыны көрсетілді. Сонымен қатар премьер-министр шығарған актілердің күшін жою, я болмаса, қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұру туралы шешім шығара алады.
Дәл осы жылдан бастап мәжіліс депутаттарының саны 107-ге артты. Ішінде 9 депутат Қазақстан халқы ассамблеясының атынан сайланатын болды.
2011 жылы Конституцияға «Елбасы» деген мәртебе енгізілді.
2017 жылы Ата заңның 91-бабына «... тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді» деген сөйлем қосылды.
2019 жылы 9 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтататты. Орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаев ел астанасына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды. Парламент Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы заңды бірден қабылдады. Осылайша Ата заңның 2-бабы 3-тармағына өзгеріс енгізілді.
2022 ЖЫЛЫ АТА ЗАҢ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ
2022 жылы 5 маусымда конституциялық өзгерістер бойынша республикалық референдум өтті. Нәтижесінде Ата заңның үштен бір бөлігіне өзгерістер енгізілді.
Негізгі өзгерістер:
- Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшеді;
- Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі;
- Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ;
- Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады;
- Өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ;
- Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады;
- Сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады;
- Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді;
- Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталады.