Депутат ескі кадрлар мен экономикаға кіріп алған «паразиттер» мемлекет басшысының халық алдында беделін түсіріп, тақтан тайдырады деп есептейді.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Маңғыстау облысына сапарын қорытындылады. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында көптің көңіліндегі проблемаларға тоқталып, оны шешудің бірнеше жолын ұсынды. Оның айтуынша, ескі жүйеге үйреніп қалған шенеуніктер жаңа жағдайға бейімделе алмай, жаңаша жұмыс істей алмай жатыр.
Елдің көңілі референдумға дейінгідей емес. Жабырқау... Күткен жаңалықтың көңілден шықпағаны көрініп тұр. Шарықтап кеткен баға, титықтатқан жұмыссыздық, теңіздің қасында отырып, ауыз суға жарымау, айта берсең проблема шаш етектен.
Құрылыс жұмыстарына қаржы жетіспейді, жобалық-сметалық құжаттар түгелге жуық корректировкадан өтуі керек. Оған да қаржы жетіспей жатыр дейді құрылысшылар. Арты не болмақ?
Жанар-жағар май дефициті. Біз мұнай мен газдың үстінде отырған елміз, үш мұнай өңдеу зауытымыз бар. Бұл қалай сонда?! Қант тапшылығы неше ай болды әлі реттелген жоқ, реттелетін түрі де көрінбейді, - деп жазды депутат.
Жаңбыршин осы проблемаларды жүйелі шешуге бағытталған жобалар қарастырылып жатпағанын айтады. Бұл біреуді кінәлау емес, халықтың айтып отырған назы мен сыны. Ел қатты қиналып отыр. Жағдай "ескі Қазақстаннан да" жаман болып кетті деп, айтып отырғандар бар дейді.
Оның пайымынша, ескі жүйеге жұмыс істеген шенеуніктер жаңа жағдайға бейімделе алмай, жаңаша жұмыс жүргізе алмай отыр.
Ескі «Жигули» қанша әдемілесеңде «Тойота» бола алмайды. Жаңа кадрлар керек. Бәрін жасайтын адам, 8 айда ештеңе жасай алмаған Үкімет, енді бірдеңе қатыра қояды дегенге өз басым сенбеймін. Ренжімесін жігіттер, - деп жазды ол.
Депутат әлі күнге дейін экономиканы «жаулап» алған олигархтар кетпегенін, сол баяғы «өркеш майды» сору жүріп жатқанын, тек бір схемадан екінші схемаға ауысқанын айтты.
Әйтпесе күні кеше тым жақсы сатылып тұрған дизель отыны мен бензин неге жоқ? Сол баяғы тарифтер, сол баяғы «откаттар», сол баяғы жемқорлық, сол баяғы әуе билеттерінің қымбатшылығы, -деді Жаңбыршин.
Ол ескі кадрлар мен экономикаға кіріп алған «паразиттер» мемлекет басшысының халық алдында беделін түсіріп, тақтан тайдырады деп есептейді. Алдағы уақытта олар өздерінің қуаттары мен ресурстары күйреп, халықтың әл-ауқаты артатынын біледі. Шамалары келгенше қарсыласып келеді. Қарсылық барлық салада және деңгейде жүріп жатыр деді.
Бірінші, биліктің барлық тармағына жаңа, таза тек мемлекет мүддесін ойлайтын адамдарды әкелу қажет. Ондай азаматтар 19 млн халық ішінен табылады.
Екінші. «Паризиттерді» құрту керек, әйтпесе қоғамда үлкен «эпидемия» болады.
Үшінші. Мұны тез жасау керек. Жаңа жылға дейін. Шыдамның да шегі бар екенін ұмытпаған жөн! - деп қорытындылады ойын депутат.