«Біздің жас – ең жексұрын жас»: Астанада белсенділер зейнет жасын төмендетуді талап етті
Белсенділер ұсыныстарын президентке жеткізуді сұрады
Астанада белсенділер Қазақстанда зейнет жасын төмендетуді талап етті. Олар Қаржы министрлігі ғимараты маңында жиналды. Шараны ұйымдастырушы – Қазақстан әйелдері қозғалысы, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жиналған белсенділер рұқсат берілген жиынға қазақы қамзол киіп келген. Ал баннерге «Қазақстан әйелдері қозғалысы зейнет жасының төмендеуін қолдайды» деп жазылған.
Біз көтеріп отырған мәселе – зейнет жасын 58 жасқа төмендету. Себебі қазір әйелдердің көпшілігі жұмыссыз жүр, кейбірі ауыр жұмыс істейді. 50 жастан асқан соң әйел адам көп ауырады. Біздің жасымыз – ең жексұрын жас. Не жұмысқа алмайды, не зейнетке шықпаймыз. Зейнетақы алмаған соң емделуге жағдай жоқ. Жұмыссыз қаншама адам қиналып отыр, - дейді белсенді Жанар Балабекова.
Әйелдер қозғалысының жетекшісі Майкен Бегарыстанованың айтуынша, мұндай шара елдің бірнеше өңірінде өтті.
«Бүгін еліміздің бірқатар өңірінде зейнет жасын төмендетуге байланысты жиындар мен жергілікті атқарушы орган өкілдерімен кездесулер өтті. Бүгін Қазақстан Республикасының президентіне зейнет жасын 58-60 жасқа дейін төмендетуді сұрап жиналдық. Әйелдер әкімдікпен келісілген митингке шығуға мәжбүр болып отыр», - дейді Майкен Бегарыстанова.
Белсенді Жанар Жебегенова халықтың талабы орындалмаса, бұл ұсыныстар президентке жеткізілмесе, қайта-қайта жиналатынын жеткізді.
«Жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Үкімет пен депутаттар біздің талабымызды президентке жеткізбесе, әрі қарай тағы да шыға береміз. Халықтың айтқан сөзін, талабын, зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендету талабымызды президентке жеткізуді сұраймыз», - дейді белсенді.
Айта кетейік, зейнет жасын төмендетуге байланысты шаралар Алматы, Шымкент, Қостанай және Ақтөбеде де өтті.