Пәкістанда су тасқынынан мыңнан аса адам көз жұмды (ВИДЕО)

Халық үні

Елде табиғат апатына байланысты төтенше жағдай жарияланды

фото: видеодан скриншот

Пәкістанда маусымның ортасынан бері су тасқынынан мыңнан аса адам көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның үштен бірі – балалар. Елде екі айдан астам уақыт бойы нөсер толастамай тұр. Кейінгі тәуліктің өзінде 20-дан аса тұрғын опат болған. 300 мыңнан аса үй бүлінген. Елде табиғат апатына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Оңтүстік өңірлер қатты зиян шеккен. Мұнда мыңдаған көпірді су шайып кеткен. Сондықтан кейбір өңірге адам аяғы жете алмай, қатынас үзілген.

Құтқарушылар тұрғындарлы қайықпен эвакуациялауға мәжбүр. Билік халықаралық қауымдастықтан көмек сұрайды. Кейбір аймақ халқы су мен жарықсыз отыр. Ал синоптиктер жаңбыр әзір басылмайтынын айтады. 

«Су тасқынынан барлық өңір зиян шекті. Тіпті Иранмен шекаралас аймақтардың өзінде де жолдар жабық тұр. Кеше көпірді су шайып әкетіп, Белуджистан провинциясымен қатынас үзілді. Қазір мамандар онда жете алмай әлек боп жатыр», деді Пәкістанның табиғат апаттарымен күрес жөніндегі ұлттық басқармасының үйлестірушісі Мир Зиаулла Лангау.