СҚО-да биыл мектеп табалдырығын аттайтын балалардың 71 пайызы орыс тілінде оқиды

Айгерім Таубай

Павлодар облысында 1-сыныпқа баратын баланың 42%-і қазақ тілінде білім алады

Фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында биыл 1-сыныпқа 7 417 өтініш қабылданды. Оның ішінде қазақ тілінде білім беретін мектепке 1 696 бала барады. 5 721 бала орыс тілінде білім алады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыстың білім басқармасы мектепке қабылдайтын кезде өтініште баланың ұлты көрсетілмейтінін айтып, 1-сыныпқа ұлты қазақ емес неше бала баратынын хабарламады.

«2021-2022 оқу жылында облыстағы мектептерде қазақ тілінде ұлты қазақ емес 259 бала оқыды. Оның ішінде орыс ұлтының 60 өкілі бар, өзбек – 36, тәжік – 21, дүнген – 21, ұйғыр – 16, қырғыз – 9, қарақалпақ – 6, башқұрт – 5, белорус – 7, әзербайжан – 4, неміс – 12, ұдмұрт – 4, шешен – 3, поляк – 2, түрік – 1, армян – 2, грузин – 1», - деп көрсетті облыстың білім басқармасы.

Алайда жаңа оқу жылында мектептерде ұлты қазақ емес қанша бала қазақ тілінде білім алатынын атамады.

Сондай-ақ өткен оқу жылында орыс тілінде білім беретін мектептерде 13 078 қазақ бала оқыған.

Ал Павлодар облысында биыл бірінші сыныпқа 11 258 бала барады, оның басым бөлігі орыс тілінде білім алады.

Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, биыл ата-аналар мен баланың заңды өкілінен баланы 1-сыныпқа қабылдау үшін 11 258 өтініш түсті, 4 754 бала қазақ тілінде оқытатын сыныпқа, 6 504 бала орыс тілінде оқытатын сыныпқа қабылданады.

Әзірге білім басқармасында 1-сыныпқа қабылданған балалардың ұлтына қатысты ақпарат жоқ. Ал облыс бойынша 2-11 сынып аралығында ұлты қазақ емес 545 бала оқиды. Оның ішінде ұлты орыс, татар, өзбек, неміс, украин, шешен, ингуш, грузин, қырғыз, башқұрт, белорус әзербайжан, армян, моңғол, түрік, түркімен балалар бар.

Ұлттық білім беру дерекқорына сәйкес 2-11 сынып аралығында орыс тілінде білім беретін мектептерде 2 865 қазақ баласы білім алып жатыр, - деп жауап берді басқарма Halyq Uni ресми сауалына.

Айта кетейік, Қостанай облысында жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 11 905 оқушы барады. Оның ішінде қазақ тілінде білім беретін мектептерге – 2 134 бала, орыс  тілінде – 6 890 бала, аралас тілді мектептерге 2 881 бала қабылданды. Аралас мектептерде 860 бала қазақ сыныбында, 2 021 бала орыс сыныбында оқиды.