Halyq Uni логотип
×

Елордадағы Діндер съезінде Гиннес рекорды орнатылмақ

Іс-шара Бейбітшілік пен келісім сарайында өтетін болады

 Динара Амантай 28.08.2022 | 15:34
Елордадағы Діндер съезінде Гиннес рекорды орнатылмақ
Фото: видеодан скриншот

Қазақстан Гиннес рекордын орнатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы танымал продюссер Дәуіт Шайхисламов Instagram желісіндегі парақшасында жариялады.

Оның айтуынша, қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында түрлі ұлт өкілдерінен тұратын ең үлкен оркестр құрылмақ.

Бұған дейінгі «Әлем картинасы» жобасы мені шабыттандырды десем де болады. Материалдық емес рухани жағын айтып тұрмын. Мейірімділіктің мол энергиясын алған кезде сол энергияны өзгелермен де бөліскің келіп тұрады. Жаңа жоба идеясы біраздан бері пісіп жетілген еді. Дегенмен, оның басталуына қыркүйек айының ортасында Қазақстан елордасында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтетіндігі туралы хабар түрткі болды. Осынау жаһандық оқиғаға Рим Папасының келетіндігі де жоспарланған. Қазақстанның бас қаласына ғаламшардың барлық түкпірінен түрлі конфессия өкілдері келген кезде оларды көпұлтты оркестрдің қарсы алуының символдық мәні бар, – деді Дәуіт Шайхисламов.

Продюсердің мәліметінше, «Әлем музыкасы» деп аталатын жоба аясында бір сахнада түрлі халық пен ұлттық ең көп өкілі бас қосып, музыкалық шығарма орындайды. Осылайша, ең көпұлтты оркестр ретінде Гиннестің рекордтар кітабына ену көзделген. Қазір worldrecord.kz жобасының ресми парақшасына өтінім қалдырып жатыр.

Дәуіт Шайхисламовтың сөзіне қарағанда, музыканттардың қандай шығарма орындайтынына қатысты алдын ала уағдаластық бар. Іс-шара 6 қыркүйекте Бейбітшілік пен келісім сарайында өтетін болады.

«Әзірше қанша адам қатысатындығын айтпаймын. Өйткені, рекордтың әсері болмай қалады. Яғни, соңына дейін, Гиннес рекордтар кітабы өкілі қатысушылардың нақты санын айтқанша құпия ұстаймыз», - деді ол.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама