×

Түркістан облысында ежелгі ғибадатхана табылды

Көне нысан екі мың жыл бұрын өмір сүрген Кангюй тайпасына тиесілі болуы мүмкін

 Динара Амантай 28.08.2022 | 12:34
Фото: 24.kz

Түркістан облысында археологтар ежелгі ғибадатхананың орнын тапты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Көне нысан екі мың жыл бұрын өмір сүрген Кангюй тайпасына тиесілі болуы мүмкін. Өйткені археологтар дәл осы тайпаның тарихы толық зерттелмегенін айтады. Яғни бұл өңірде әлі талай ашылмаған сыр жатыр. Археологтар соңғы жылдары Созақ ауданына қарасты Қызылкөл маңында құнды олжалардың көп кездесетінін айтады.

Біріншіден, бұл Қазақстан аумағында табылған алғашқы нысан. Күн символикасы мен сәулет өнері Кангюй тайпасына тиесілі ғибадатхана екенін көрсетіп отыр. Дінге қызмет етушілер осында әдейі жолданған болуы мүмкін. Ғибадатхана аумағы әлі де зерттеу жұмыстарын талап етеді. Әзірге тек жер бедерінің үстіңгі қабаты ғана ашылды. Белгілі болғандай сәулет өнеріне пайдаланылған құрылыс бөлшектері оңтүстік өлкеге тиесілі емес. Беріктікті қамтамасыз еткен тастар арнайы жеткізілуі мүмкін, - дейді Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Александр Подушкин.

Археологиялық қазбаның нәтижесінде табылған ғибадатхана аумағында мыңдаған керамикалық бөлшектерді көруге болады. Мамандар құмыра сынықтарын зерттеп, оның су мен дәнді дақылдарды сақтауға арналғанын анықтады. Тарихы терең құнды олжаларды іздеу жұмыстары әлі де жалғасатын болады. Археологиялық аумақта алтын мен күміс металды балқытуға арналған тигель де табылды. Мамандар жабдықты дін өкілдері қолданған болуы мүмкін деп топшалап отыр.

Ал ғибадатханаға жақын жерде сол заманда жерленген екі адамның қорымы бар. Онда тас пен шыныдан, сүйектен жасалған тарихи маңызға ие жүздеген жәдігер табылды.

«Ең бірінші табылған жәдігер қоңырау болды. Оның маңында әйелдің қасын бояуға арналған зат табылды. Кейін моншақтар мен бұйымдардың шоғарын кездестірдік. Адамның бас сүйегі мен жақ сүйегі де табылды. Біз оны қайта жинақтауға тырыстық. Енді ғибадатхана аумағынан табылған жәдігерлерге орталықта арнайы зерттеу жүргізіледі. Мамандар келесі жылы Қызылкөл маңында қазба ісі қайта жалғасатынын айтады», - дейді ОҚМПУ студенті Екатерина Кесман.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама