Биыл 3 млн гектарға жуық жер мекемлекетке қайтарылды

Динара Амантай

Әкімдіктер 118 шешімді заңсыз шығарған

liter.kz

Елімізде пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұзып берілген жерлерді алып қою бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылық министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері 7,45 млн га алаңда 2584 субъектіге қатысты тексеру жоспарлады, оның ішінде егістік – 585,2 мың га, жайылым – 6,86 млн га құрайды.

Сонымен қатар, шамамен 3 млн га алаңда жерді пайдаланушыларға қатысты 900 жоспардан тыс тексеру тіркелді, нәтижесінде 1 млн 329 мың га бойынша жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 418 нұсқама енгізілгені белгілі болды.

Бұған қоса жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдарға қатысты 103 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде әкімдіктердің ауыл шаруашылығы жерлерін беру туралы 118 шешімі заңсыз қабылданғаны анықталды.

2022 жылдың басынан бастап 2 млн 929 мың га ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Қазір мемлекетке қайтару бойынша соңғы рәсімдер жүргізіліп жатыр, бұл өткен жылғы 430 мың га қалпына келтірілген жерлерге қарағанда 7 есе көп.

Анықтама үшін, Қазақстандағы ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлердің жалпы ауданы 201,9 млн га (егістік – 26,1 млн га, жайылым – 80,6 млн га, басқалары – 7,3 млн га, қордағы жерлер – 87,9 млн га), оның ішінде, пайдалануға берілген жер көлемі 114 млн га құрайды.

Еске сала кетсек, мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл 28 сәуірде пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұзып берілген жерлерді алып қою бойынша жұмыс комиссиясы құрылған еді. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің міндеті жыл соңына дейін мемлекетке кемінде 5 миллион гектар игерілмей жатқан жерлерді қайтару болып табылады.

Сонымен бірге 9 тамызда Президент жер мәселелері бойынша тексерулер жүргізуге мораторийдің күшін жоюды көздейтін Жарлыққа қол қойған.