Астық пен ұн экспортына салынған шектеу алынып тасталмақ
Қыркүйекте қазақстандық астық пен ұнға шетелдік нарықтар қайтадан ашылуы мүмкін
Елімізде 30 қыркүйекке дейін астық және ұн шығаруға квота енгізілген. Енді осы шектеу алынып тасталмақ.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев әлеуметтік желіде жазды.
Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы сауда саясаты мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияға бидай мен ұнды шығаруға енгізілген шектеу шараларын алып тастау мүмкіндігін қарастыруды ұсынған.
Біздің бұл бастамамыз келесі аптаның басында комиссия отырысында талқыланады.Қазақстанда 30 қыркүйекке дейін 550 мың тонна астық және 370 мың тоннадан аспайтын ұн шығару квотасы енгізілген, — дейді министр.
Ол бұл шектеулер енгізілген кезде ең алдымен, күрделі халықаралық жағдайды ескере отырып, ішкі нарықта азық-түлік дағдарысын болдырмай, сақтауға тырыстық. Оның үстіне, сол кезде Қазақстанда өнімнің қандай болатынын болжап білу мүмкін болмады деп отыр.
Қазір жағдай өзгерді. Бүгінгі бидайдың жалпы түсімінің оптимистік болжамы шамамен 13 миллион тонна көлемінде болады деп отыр. Бұл — өткен жылдың көрсеткішінен едәуір көп, — дейді Ербол Қарашөкеев.
Ведомство басшысы сондықтан біз ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге астық пен ұнды шетелге шығаруға рұқсат беруді орынды деп санаймыз деп айтты.
«Себебі былтырғы қалдықтарды қоса есептегенде, биылғы өнім қазақстандық және экспорттық нарыққа да жетеді. Сондықтан, алдағы өтетін жиында біздің бұл ұсынысымыз қолдау тауып, қыркүйек айында барлық экспорттық шектеулер алынады деп үміттенеміз», — дейді министр.
Ербол Қарашөкеев 15 шілдеде Президенттен сөгіс алған.