Іздеу жұмыстарының нәтижесінде баланың денесі ағынды судың шұңқырынан табылды
Ақмола облысында алты жасар бала шұңқырға құлап, көз жұмды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қайғылы жағдай 26 тамызда Қосшы қаласында болған. Сағат 21:30 шамасында Қосшы қаласының полиция басқармасына жергілікті тұрғыннан екі сағат бұрын 6 жасар ұлының аулада ойнауға кетіп, сол күйі үйіне оралмағаны туралы хабар түскен.
Аталған мекенжайға бірден полиция басқармасының басшылығы, жеке құрам және жедел-тергеу тобы барды. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде баланың денесі ағынды судың шұңқырынан (септик) табылды, - делінген хабарламада.
Оқиғаны тергеу аясында тиісті сараптамалар тағайындалды.