Көлік жүргізушісі 30 жастағы азаматты қағып, үстінен басып өткен.
Қарағандыда жаяу жүргіншіні қағып, үстінен басып өткен жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
21 тамыз күні сағат 22.00 шамасында Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Киров полиция бөліміне хабарлама түсті. Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы жіберілді.
Белгілі болғандай, көлік жүргізушісі 30 жастағы азаматты қағып кеткен. Салдарынан жәбірленуші әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды.
Полиция қызметкерлері оқиға болған жерде орнатылған бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделей келе, бұл қасақана жасалған қылмыс деген шешімге келді. Бейнежазбадан жүргізушінің сауда орнынан шығып, көлікке отырғаны көрінеді. Кейін көлікке жәбірленуші жақындаған. Сол сәтте жүргізуші орнынан қозғалып, азаматты қағып кеткен. Осыдан кейін жүргізуші жәбірленушіге алғашқы көмек көрсетудің орнына оқиға болған жерден ізін суытқан.
Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген кешінді іс-шаралар барысында 23 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Күдікті жәбірленушіні танымайтындығын, көлікке отырғанда жәбірленуші одан темекі сұрғанын және оған жоқ деп жауап бергенін, сондай-ақ көлік жүргізушінің әйелі де жәбірленушіге ескерту жасағанын айтты. Алайда жаяу жүргінші көлік қозғалып бара жатқанда көлікке жақындап, сол кезде оны қағып, басып кеткені белгілі болды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 24-99-бабына (Адам өлтіруге оқталу) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.