Биыл педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа тәртібі бекітілді

Динара Амантай

Оларға қойылатын талаптар толықтырылды

Фото: Halyq Uni

Биыл мұғалімдерді мектепке қабылдау конкурс арқылы жүзеге асырылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова хабарлады.

Оның айтуынша, педагогтерге қойылатын негізгі талаптарға білім, еңбек өтілі, ұлттық біліктілік тестілеу нәтижелері және біліктілік санаты, кәсіби жетістіктері жатады.

Бұған қоса, ол мектеп директорларын ротациялау жалғасып жатқанын айтты.

2022 жылы 1200-дан аса директор ротациялауға сәйкес келеді. Бүгінде 414 директор ротациядан өтті. Педагогтерді ревакцинациядан өткізу бойынша жұмыс жалғасып жатыр, қазір олардың 80%-ы қайта егілді, – деді бірінші вице-министр.

Сонымен бірге спикер оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды.

«Биыл 2-сыныпқа арналған оқулықтар толығымен жаңартылып, 1-11 сыныптарға қажеттілікке байланысты арналған оқулықтар сатып алынды. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханаларына бекітілген тізбеге сәйкес балаларға арналған 2 млн-ға жуық көркем әдебиет сатып алынады», – деп нақтылады Шолпан Каринова.