Қазпоштаның барлық қызметі тоқтатылады
Компания мамандары барлық операцияны алдын ала жасауға кеңес берді
«Қазпошта» АҚ-ның барлық қызметі үш күнге тоқтатылады. Бұл туралы компанияның ресми сайтында жарияланды.
Жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізіледі.
«Нұр-Сұлтан уақытымен 2022 жылдың 28 тамызында сағат 00:00-ден 2022 жылдың 31 тамызы сағат 08:00-ге дейінгі аралықта «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінде, постаматтарда, терминалдарда,«Касса24» терминалдарында, post.kz, postbank.kz сайттарында пошталық және қаржылық қызметтердің барлық түрі жұмысын тоқтатады», - делінген ресми хабарламада.
Компания мамандары жексенбіге дейін барлық операцияны алдын ала жасауға кеңес берді.
«Бөлімшелерге бару, терминалдар мен онлайн қызметтер арқылы операциялар жүргізу, хаттарды, құжаттар мен сәлемдемелерді қабылдау/жіберу секілді «Қазпошта» АҚ қызметтерін алатын болсаңыз, алдын ала жоспарлаңыз. Туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», - дейді компания өкілі.